Алматы облысында 32,5 миллиард теңгеге онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрі өндіретін зауыт салынбақ

Үкімет Алматы облысындағы "Алатау" АЭА аумағында құны 32,5 миллиард теңге болатын толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жөніндегі инвестициялар туралы келісімді мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жеке инвестициялардың жалпы көлемі – 32,5 миллиард теңге. Жаңа өндіріс жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды локализациялауға және дамытуға бағытталған.
“Фармацевтикалық зауыт дәрілік препараттың 20 түрін шығаруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілер, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық препараттар бар. Кәсіпорынды іске қосу 2031 жылға, жобалық қуатқа шығу 2032 жылға, ал негізгі бағыттар бойынша толық циклге көшу 2034 жылға жоспарланған”, – деп мәлімдеді Үкімет.
Дәрі-дәрмек өндіру мен сертификаттаудан бөлек, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар да қарастырылған. Өзінің R&D бағытын дамыту, оның ішінде биоэквиваленттілік зерттеулерін жүргізу, тіркеу құжаттарын дайындау және халықаралық GMP стандарттарын енгізу жоспарланған. Бұдан бөлек, кешен базасында қазақстандық мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру жүйесі құрылады.
Бұл фармацевтикалық зауыт елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтып, Алматы облысы аумағында заманауи фармацевтикалық өндіріс инфрақұрылымын қалыптастырады. Шамамен 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
“Қазір елде фармацевтикалық өндіріс саласында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Фармацевтика саласы оң динамика көрсетіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 миллиард теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға өскен. Салаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 390 миллиард теңгеден асты”, – делінген хабарламада.
Алматы облысында салынатын бұл кешен импортқа тәуелділікті азайтып, қазақстандықтарды сапалы әрі өмірлік маңызды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жағдай жасайтын маңызды жобалардың бірі болмақ.
"Жалаңаштанып айға қарап, рәсім жасайды": Батыс Қазақстандағы бір ауылдың тағдырын жат ағым қалай өзгертті?