Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Энергетика министрлігі диқаншылар үшін жеңілдетілген дизель отынының бағасын атады

Дизельді отын құны
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі жылдың басында егіс науқанын өткізу үшін 402 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін бекіткен. Жеткізілімдер ағымдағы жылдың 1 ақпаны мен 30 маусымы аралығында жүргізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Энергетика министрлігі ұсынған дизель отынының бағасы өңірлердегі жеткізу станциясына дейін ҚҚС-пен бірге литріне – 263 теңге.

“Соңғы бағаны өңірлік операторлар айқындайды және ол литріне 281 теңгеге дейін болуы мүмкін. Бұл орташа бөлшек сауда бағасынан 49 теңгеге немесе 15 %-ға төмен”, – деп мәлімдеді ведомство.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отынын бөлудің ашықтығын және оның қозғалысын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында бұған дейін бірқатар қосымша шаралар енгізілді. Атап айтқанда:

  • Жеке ПИН-кодтар белгіленді;
  • Отынды сары, көк және қызыл түстерге бояу жүйесі енгізілді;
  • Электрондық шот-фактуралар жүйесінде дизель отынына арналған жеке виртуалды қойма құрылды.

Қабылданған шаралар дизель отынын мақсатсыз пайдалану көлемін азайтады. Атап айтқанда, нақты тұтыну көлемі 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін төмендеп, 21 %-ға қысқарды.

Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 25 Мамыр, 2026 10:13