Қарағанды облысындағы шахталар көмірді құрғақ әдіспен өңдеу технологиясына көшіп жатыр

Qarmet компаниясының шахталарында көмірді құрғақ байытатын заманауи кешендер салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама компанияның көмір өндіру саласын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Ол өндірістің тиімділігін арттырып, экологияға әсерін азайтып, технологиялық деңгейін көтереді.
Жоба бірден төрт шахтада іске қосылуда: "Шахтинская", "Қазақстан", "Абай" және Т. Күзембаев атындағы шахта. Негізгі міндеті – көмірдің сапасын оны жер астынан шығару сәтінен бастап жақсартып, әрі қарай өңдеуге дайын шикізат алу.

Жаңа кешендерде – көмірді толық өңдейтін шағын әрі заманауи зауыттар сияқты қондырғылар бар. Олар шикізатты қабылдап, ұсақтап, байытып, дайын өнімді сақтауға дейінгі бүкіл процесті бір жүйеде орындайды. Әр кешеннің өнімділігі сағатына шамамен 300 тонна болады. Ал жоғары деңгейдегі автоматтандыру өндірістің тұрақты әрі сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Жоба су қолданылмайтын ауа арқылы байыту технологиясына негізделген. Бұл тәсіл көмірді өңдеу әдісін түбегейлі өзгертіп, шығынды азайтады және қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетеді.
"Бұл технологияның басты ерекшелігі – судан толық бас тарту. Көмір мен артық тау жыныстары ауа ағынының көмегімен, салмағы мен тығыздығының айырмашылығы арқылы бір-бірінен бөлінеді. Соның арқасында экологиялық қауіпсіздік артады. Шығын азаяды және жабдық ауа райына қарамастан тұрақты жұмыс істейді", – деді "Шахтинская" шахтасының күрделі құрылыс жөніндегі бас инженерінің орынбасары Василий Барабанов.

Экология мәселесіне ерекше көңіл бөлінген: су мүлде қолданылмайтындықтан, сұйық қалдықтар пайда болмайды, ал бөлінген артық тау жыныстары қауіпсіз күйде қалып, қосымша өңдеусіз-ақ сақтауға болады.
"Біз көмірдің күлділігін азайтып, соның арқасында “Восточная” орталық байыту фабрикасының жұмыс тиімділігін арттырамыз. Өндіріске бұдан да сапалы шикізат түсетін болады", – деп қосты Василий Барабанов.

Кешендерге арналған жабдықтар қазірдің өзінде жеткізілген және кедендік рәсімдеуден өтуде. Алдағы уақытта қызметкерлер жабдықты жеткізуші компания өкілдерінің қатысуымен арнайы оқытудан өтеді.
Бұл жоба Qarmet компаниясының көмір өндіру саласындағы өндірістерді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі. Компания заманауи технологияларды енгізу арқылы өндіріс тиімділігін, қауіпсіздігін және экологиялық талаптарды күшейтіп, кәсіпорынның да, тұтас саланың да тұрақты дамуын қамтамасыз етіп келеді.
Таиландқа демалуға барған қазақстандық әйел босанып қалған: Баласының еміне күніне 740 мың теңге қажет