Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда 16 баланы азаптаған тәрбиешіге сот үкім шығарды

тәрбиеші 4,5 жылға сотталдыФото: freepik.com

Павлодар қаласында балабақшада 16 балаға қол көтерді деп айыпталған тәрбиеші 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс сотта екі бап бойынша қаралды: "Азаптау" және "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау". 33 жастағы әйел өз кінәсін толық мойындаған. Сот ұсынылған дәлелдерді зерттеп, нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Судья Жұлдыз Камалова үкім шығара отырып, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3 және 5-бөліктеріне сәйкес, бірнеше қылмыстық әрекет біріктіріліп қаралғанын айтты.

“Соның нәтижесінде жеңілірек жаза ауыр жазамен біріктіріліп, түпкілікті 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – деді судья.

Алайда әйел сот залында қамауға алынған жоқ. Сот оның кішкентай балалары бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдыру туралы шешім шығарды.

“Мен бұл шешіммен келіспеймін. Бұл өзгелерге сабақ болуы үшін үлгілік жаза болуы керек еді. Біріншіден, бұл жағдай біздің балаларымызға ауыр әсер етті. Екіншіден, қызымда қазір "сөйлеу дамуының кешеуілдеуі" диагнозы қойылды. Ал бұған дейін ол дені сау бала болатын. Оның балаларының әкесі бар, сол кісілер тәрбиелесін. Ал өзі толық жазасын өтеуі керек еді”, — деді үкімнен кейін зардап шеккен балалардың бірінің анасы Мария Терентьева.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Зардап шеккен 16 баланың кейбір ата-аналары сот үкіміне келіспей, апелляция беруді қарастырып отырғанын айтты.

Еске салайық, маусым айының ортасында Павлодардағы №116 балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары бейнебақылау камерасынан балаларын тәрбиешінің ұрып, шашынан тартып, жұлқылағанын көрген болатын. Кейін құқық қорғау органдары бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

STAN.KZ
Жұма, 17 Сәуір, 2026 16:06