Қазақстан АҚШ, Қытай және Үндістанның 20-дан астам ірі IT-компаниясымен келіссөз жүргізді

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын орындау аясында “Деректерді өңдеу орталықтары алқабы” жобасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Павлодар облысының Екібастұз қаласында жоба үшін жер учаскелері анықталып, негізгі келісімдер жасалған. Сондай-ақ қуаты 215 МВт болатын қосалқы станция сатып алынған. Бұл жобаға қажет энергетикалық инфрақұрылымның негізін қалыптастырады.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында электр энергиясына жеңілдетілген тарифтер бекітіліп, инвестициялық және салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
"Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин халықаралық технологиялық және инвестициялық компанияларды тарту жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, АҚШ, Қытай және Үндістаннан 20-дан астам ірі компаниямен келіссөз жүргізілген.
Алдын ала есеп бойынша, жобаның қуатына сұраныс 100 МВт-тан асады. Жалпы әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жетіп, ірі компанияларды орналастыруға мүмкіндік береді.
ОқыңызБұл жоба Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Ол серверлік қуаттарды, бұлттық сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын орналастыруға арналған әмбебап алаң болмақ.
Жоба аясында 200 гектар аумақта (болашақта 1300 гектарға дейін кеңейту мүмкіндігі бар) деректер орталықтарының желісі салынады. Шетелдік инвестиция көлемі шамамен 30 миллиад доллар (шамамен 14,4 трлн теңге). Сонымен қатар энергетика, IT және цифрлық инфрақұрылым саласында 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
“Деректерді өңдеу орталықтары алқабы” жобасын жүзеге асыру Қазақстанда ірі өңірлік цифрлық хабты қалыптастыруға және әлемдік жетекші технологиялық компанияларды тартуға бағытталған.
Премьер-министр қажет нормативтік шешімдер қабылдауды жеделдетуді және жобаның барлық кезеңінің белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
"Қызыл жіп", "қарым-қатынас курсы", "байлықтың иісі бар заттар": Қазақстандық блогерлер не сатқаны үшін басы бәлеге қалды