Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атырау" футбол клубы 77 миллион теңгеге сатылымға шығарылды: Бағасы нарық құнынан үш есе төмен

Футбол ойнауФото: “Атырау” ФК

“Атырау” футбол клубы 77 миллион теңгеге сатылды. Лот Sauda платформасына орналастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нысанның бастапқы бағасы 75 242 400 теңге, кепілдік жарнасы – 37 621 200 теңге болған. Ал бағалау құны 250 808 000 теңгеге жетеді.

Сатушы ретінде Атырау облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы шықты. Тендер талаптарына сәйкес, сатып алушы клубтың қызмет бағытын сақтап, тұрақты басқаруды қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ жұмыс орындарын сақтау немесе жаңаларын ашу, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және қарызсыз жұмыс істеу міндеттелген.Атырау футбол клубы сатылды

Бұдан бөлек, сатып алушы жыл сайын тәуелсіз аудит жүргізіп, уәкілетті органдарға есеп беріп отыруы керек. Клубтың барлық операциялық шығынын қаржыландырып, Қазақстан чемпионатына қатысуын қамтамасыз ету де міндеттердің қатарында.

Сондай-ақ инвестор өз қаражаты есебінен кемінде 1 миллиард теңгеге футбол академиясын салуға тиіс. Онда алаңдар, киім ауыстыру бөлмелері, медициналық орталық, қалпына келтіру аймақтары және кемінде 50 адамға арналған жатақхана болуы қажет. Академия үш жыл ішінде салынып бітуі керек.Атырау футбол клубы сатылды

Клуб ерлер командаларын Қазақстан Премьер-лигасында және екінші лигада сақтап, әйелдер командасын құруға тиіс. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, үш жыл ішінде тәрбиеленушілер санын 1000 адамға дейін арттыру міндеті қойылған.

Тәуелсіз бағалау есебінде клубтың негізгі құралдары да көрсетілген. Сарапшылар жиһаздан бастап спорттық және техникалық жабдықтарға дейін 721 нысанды есепке алған. Олардың жалпы нарықтық құны 88 миллион теңгеден асады.

Мамандардың айтуынша, клубтың бағалау құнынан әлдеқайда төмен бағаға сатылуы мәміленің ашықтығы мен мемлекеттік активтерді басқару тиімділігіне қатысты сұрақтар туындатады.

Айта кетейік, “Атырау” клубы 1980 жылы құрылған. Бұған дейін “Прикаспиец” және “Ақ Жайық” атауларымен өнер көрсеткен. Қазіргі атауын 2001 жылы алған. Команда 2001–2002 жылдары Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанып, 2009 жылы ел кубогын жеңіп алған.

Қазақстанда футбол клубтарын жекешелендіру процесі жалғасып жатыр. Бұған дейін "Қайсар", "Ақтөбе" және "Шахтёр" клубтары да осы тізімге енген.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 17 Сәуір, 2026 16:26