Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызыл жіп", "қарым-қатынас курсы", "байлықтың иісі бар заттар": Қазақстандық блогерлер не сатқаны үшін басы бәлеге қалды

блогерлер

Блогер Ерболат Жанәбілов пен оның жары Эльмира Төлегенованың соты қазір ақпарат кеңістігінде талқыланып жатыр. Тергеу мәліметі бойынша блогерлер “курсты” жамылып, заңсыз лотерея ойнатпақ болды. Алайда Жанәбіловтер халыққа мұндай сипаттағы курс, т.б. орынсыз өнімді сатқан алғашқы блогерлер емес. Кейбірін желі қолданушылары сынап та үлгерді. Stan.kz тілшісі аудиториясының көптігін пайдаланып, түрлі нәрсені ұсынған танымал тұлғалардың тізімін жасады.

 

Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы “істі қылған курс”

Ерболат Жанәбілов заңсыз курс ұйымдастырып жатыр

"Zhanabylov_e" және "elt6i" аккаунттарында блогерлер Қытайдан тауарларға тапсырыс беру, Қытайда бизнес ашу курсын 30 000 теңгеге сатты. Курс алғандар көлік ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Шамамен 6000 адам оны сатып алып, блогерлер шамамен 180 миллион теңге табыс тапты. Осылайша 11 көлік ұтысқа қойылды. Дегенмен пайдаланушылар курстардың толық емесін айтты. Яғни курс лотерея үшін жасалған болуы мүмкін деді. Осылайша қаржы мониторингі агенттігі тексерісті бастап, ол әкімшілік істен қылмыстық іске ауысты.

Туризм және спорт министрлігі бұл курстарды “лохотрон” деп атап, блогерлер “курс” желеуімен лотерея ұйымдастырғанын мәлімдеді.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Жанәбілов пен Төлегенова алдын ала сөз байласу арқылы әрекет етіп, лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан және аса ірі мөлшерде табыс тапқан. Блогер жеке шаруашылық серіктестігі (ЖШС) есепшотынан депозитке ақша аудару заңсыз екенін білмеген. Әңгіме 560 мың теңге туралы болып отыр. Ол сондай-ақ қызметкері "Жаңа бизнес" ЖШС-ның шотынан депозитке ақша аударып, кейін қайта қайтарғанын, мұны жүлде қорын ұлғайту мақсатында жасағанын түсіндірген.

Блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы ("Заңсыз кәсіпкерлік") және 218-бабы ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру") бойынша айып тағылған. Олардың кінәсі дәлелденсе, 1 миллиард теңге айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылу не шектеу жазасын алуы мүмкін.

Кейін сотта дәл осындай мазмұндағы курсты блогер Дархан Жолшыбеков те сатқаны белгілі болды. Алайда Жолшыбеков те, Нұрбек Нұртаза да айыппұлмен құтылды. Дархан Жолшыбеков 100 АЕК яғни 393 200 теңге, ал Нұрбек Нұртаза 300 АЕК (1 179 600 теңге) айыппұл төледі. 

Дархан Жолшыбеков пен жұбайы Дариға курстардан 1,5 миллиард теңге табыс тауып, 300 миллион теңгелік үйді ұтысқа қойған. Жанәбілов осы деректерді алға тартып, Нұртаза мен Жолшыбековтің неге қылмыстық жауапқа тартылмағанын сынға алды.

Жанәбілов сотта заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқанын мойындады, алайда ақшаны жылыстату айыбымен келіспей отыр. Ол расымен Қытайдағы бизнесті оқытқысы келгенін, ал лотерея жай курс алушыларды қызықтыру екенін айтады.

Әзірге сот отырыстары Астанада жалғасып жатыр.

Дәулеттеннің "Декретке миллионмен" курсы

Дәулет Мұқаев декретке миллионмен курсы Stan.kz

Дәулет Мұқаев депутат болғанға дейін "Декретке миллионмен" курсын өткізген еді. Желі қолданушыларының сөзінше, ол мемлекеттен көбірек жәрдемақы алудың жолдарын үйреткен. Курс құны 3500 теңге болды.

Кейін Қазақстанда жоғары декреттік төлемдерді әділетсіз алған 113 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Себебі олар бірнеше жеке кәсіпкерліктің “қызметкері” болып тіркелген. Бухгалтер олардың атынан зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру төлемдерін жасап, барлық әлеуметтік аударымын жүргізіп отырған. Алайда іс жүзінде әйелдер жұмыс істемеген. Жалған тіркеудің арқасында олар ірі көлемде әлеуметтік төлем алған.

Салдарынан мемлекетке 158 миллион теңге залал келген.

Желі қолданушылары мұның бәрі Мұқаевтың курсынан кейін болған құйтырқы әрекеттер деп болжады. Себебі бұл әйелдер аталған курсты оқыған екен.

Алайда депутат мұны жоққа шығарды. Сөзінше, ол студенттеріне “өтірік жасамаңыздар, жалған жеке кәсіпкерлік ашпаңыздар” дейді. Ол оған қарсы пікір жазып жатқандар – курсқа қатысып көрмеген жандар деді.

 

“Менің есімім Гүлзада, мен қарым-қатынас экспертімін”

Гүлзада Тұрлаш

2023 жылы мобилограф Қыран Талапбектің әйелі Гүлзада Тұрлаш тұрмысқа шыққанына екі ай өткен соң, “Бақытты әйелмін” атты курс сатты. Блогер қыз-келіншектерге күйеуінен қымбат сыйлық алудың жолдарын үйретіп, өмірлік ақыл-кеңестерін бөлісетінін айтты. Өзін бағалауды, ер адамдармен қалай қарым-қатынас құруды үйретемін деді. Авторлық курс 35 сабақтан және бірнеше модульден тұрды.

“Менің есімім Гүлзада, мен қарым-қатынас сарапшысымын. Мына көлікті күйеуім 1 ай бірге тұрғаннан кейін сыйлады. Егер сен де күйеуіңнен әлемдегі ең қымбат сыйлықтарды алғың келсе, сілтемеге өт. Бірге бақытты болайық”, – деді ол.

Аталмыш видеоны желі қолданушылары келеке етіп, мемге айналдырды. Отбасы болғанына 1-2 ай болған адам қыз-келіншектерге не үйретуі мүмкін деген сұрақ туындады әрі күйеуден сыйлық алуды үйретудің не қажеті бар деп сынға алды. Жаппай хейттен соң, Тұрлаш видеоны өшіріп тастады.

 

Фариза Төреәлінің 10 мың теңгелік кітабы

фариза төреәлі

24 жастағы блогер Фариза Төреәлі “Жүректен жүрекке” атты кітабын шығарды. Сөзінше, блогер туындысын жарыққа шығаруды көптен армандаған.

Кітап құны 10 мың теңге екен. Осыдан кейін желідегілер оны сынап тастады. Себебі жоғары білімі де жоқ қыздың кітап жазып, оны қымбатқа шығарғанын орынсыз көрді.

 “Ақбілек” романы тиын болып қалды”, “Блогерлердің кітап жазатын не әдеті”, “Фариза, сен кітап жазатын білім алдың ба?! Америкада 2 жыл тұрып келдің. Дипломың мен оқыған біліміңді көрмедік. Жанталасып сессия да тапсырмадың. Бакалаврдың да білімі жоқ!”, – деп жазды желідегілер.

 

Мамаситаның “қызыл жібі”

Мамасита

"Супермамасита" атымен танылған блогер Әлия Байтұғаева аудиториясын пайдаланып, өнім ұсынғандардың алғашқысы. Ол 2022 жылы “энергиясы бар” қызыл жіп сатамын деп желіде көптің ашуын туғызды. Оның балалы болуына, жол ашуға көмектесетін жібі 4500 теңге еді. Айтуынша, оны 77 мың адам алуға ниет білдірген. 

Сөзінше, қызыл жіпті ежелден тіл-көзден сақтау үшін таққан. Жіп қасиетті мекендерге барып бойына жақсы энергияларды жинаған дейді.

“Бұл жіп сіздің өміріңізге жақсылық әкеліп, қуаныш сыйлайды. Қызметіңіз жоғарылап немесе бала көтеруіңіз мүмкін" деп жарнамалады Супермамасита.

Қоғам белсендісі Өркен Кенжебек Мамаситаның өнімін алғысы келгендерге шүйлікті.

"Қасиетті Рамазан айында мен ешкімді айыптап, жамандап немесе дәріс оқығым келмейді. Дегенмен 7 миллионнан астам оқырманы бар әйел, Қазақстанның жетекші блогерлерінің бірі, ана, сенсе де, сенбесе де, қателессе де, өз шаруасы. Бірақ 77 000 адам оның қателігін қайталап еріп жатыр. Бұл қоғамдағы рухани білім деңгейін көрсетеді. Қызыл жіп сізге көмектеспейді. Адаспаңыздар!", – деді Кенжебек.

Оқытылған әмиян мен онлайн ем

онлайн емшілер

Өзін “халық емшісі” деп атайтын Дәкен Шәкенқызы “байлық шақыратын” әмиян, “жамандықтан қорғайтын” тұз, “бас ауруын емдейтін” орамал, қиындықтан қорғайтын білезік, т.б. сатады. Яғни әйел аталған заттарға дұға оқып, ақылы түрде онлайн бата береді екен.

Сөзінше, осының арқасында 54 мыңдай адамға көмектесіпті. Нөмірін қалдырып, байланыс арқылы мәселесін шешуге уәде береді.

Дәл сондай онлайн ем жасап ақша табатындардың бірі – Омар Балтабаев. Ол да видеобайланыс арқылы ұшықтап, дерттен айықтыратынын айтады. 

Оған бел, бүйрек, көз ауруы, тісі ауырып, демі қысылғандар байланысқа шықса керек. Олардың бәріне “емші ақылы онлайн ем жасап, “сүф-сүф” деп аластайды, экранға алақанын қойғызады.

Гүлзира Айдарбекованың “байлықтың иісі бар” сусабыны

Гүлзира Айдарбекова

Продюссер Гүлзира Айдарбекова да желідегі оқырмандарына өз өнімін сатуды шешкен еді. Сөзінше, шашқа лайық күтім керек болғандықтан, әрі өзіне керегін таба алмағасын осындай шешімге келді. Ол сусабынды “Қазақстандағы №1 өнім” деп атады.

Сөзінше, ол “қазақтың маңдайына жұлдыз болып біткен” Қайраттай ұлды дүниеге әкелді. Одан киімі мен затын сұрайтындар көп, “Маған да жұғысты болсын” деп ырымдап жатады. Ол осы өнімді жұғысты болсын деп жасаған.

“Бұл өнімде менің энергиям мен байлықтың иісі бар. Менің 20 жылдық арманымның жемісі. Қайраттай ұлды дүниеге әкелген алтын құрсақты ананың еңбегі. Бағасы мен сапасын уайымдамаңыздар! Құндылығы өте жоғары”, – деп жазды ол.

Кейін сусабынды сатып алғандар шу шығарып, тауарды ала алмай жүргендерін жазды.

“15 күннен бері күтіп жүрміз. Әлі қанша күн күтейік?! Тауарды уақытында сала алмасаңыз, неге сатуға шығарасыз?! Нөмерлердің ешқайсысы жауап бермейді. Хабарлассақ сөніп жатыр. Ісіңізге жауапкершілік танытсаңыз екен. Чекті де жібердік. Бірақ хабарлама келген жоқ. 3 рет төлем жасадым. Қашанғы күтуге болады”, – деп жазды желі қолданушысы.

Айдарбекова бұл наразылыққа жауап беріп, сусабын кезекпен жіберілетінін айтты.

 

Ерке Есмаханның “энергиясы бар” сотуары

Әнші Ерке Есмахан да өз энергиясын сатқысы келгендердің қатарында. Сөзінше, тұрмысқа шыққаннан кейн “жұғысты болсын” деген ниетпен осындай өнімді шығаруға бел буды. Сотуарды алған адамда "Ерке Есмаханның бір бөлшегі" болады. Ол да бұл затта “энергиям бар” деп түсіндірді.

Осылайша ол 50 мың теңгеге алтын сотуар сатты. Алайда өнімнің сапасына көңілі толмағандар болды. Сөздерінше, сотуар келмей жатып, қарайып кеткен.

“Келмей жатып, қарайып кеткен сотуар. 50 мың теңгеге алтын алу керек еді. Ақшамды қалай қайтарып алуыма болады? Қызғылт алтын екенін түсініп тұрмын. Бірақ мына бұйым қап-қара болып кеткен. Сатушыға жазсам, жауап жоқ”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Кейін Есмахан сотуарды ауыстырып беретінін айтып, сотуарсыз-ақ жағдайы жақсы екенін мәлімдеді.

 

Блогерлердің сусабын мен далап эрасы

косметика сатқан блогерлер

Оқырманы көп блогерлер артынша өздерінің авторлық өнімдерін жарыса шығара бастады:

  • Карина Оксукпаева Lick далабы,
  • Айым Сейтметова “Blush me” бетке арналған далап (румяна),
  • Мадлен лақап атымен танымал Мадина Мамадалиева “Madlen’s Glow”,
  • Сабина Мовлаева SSS сусабыны,
  • Мерей Абилова MIORÉ сусабыны,
  • Айгүл Бексейітова Ailun сусабыны.

косметика сатқан блогерлер

Желі қолданушылары блогерлерді жаппай косметикалық өнім шығарып кеткендерін сынады. Әрі қымбат тұратын өнімнің сапасына да күмәнмен қарады.

Сөздерінше, арзан өнімді Қытайдан алдырып, қымбатқа сатады.

“Мынау не сандырақ? Мұндайға әлі де сенетіндер бар ма? Барлық блогердің косметикасы Қытайдың арзан тауарлары, логотипін жаңартады, болды. Желіде тестілеуден өткізіп жатырмыз дейді, шын мәнінде Қытайдан бірнеше сынамасын әкеліп, ұнатқанын таңдайды. Блогерлер шығаратын тауарлар қарапайым дүкенде сатылатын өнімдерден ешқандай айырмашылығы жоқ. Аты үшін ақша табады. Іші бірдей болғанымен, бағасында айтарлық қымбат”, – деп жазды олар.

Жұрт тіпті өнімдердің құрамын талдап, өте арзан сегмент өнімі екенін жазды. 

Карина Оксукпаеваның 6000 теңгелік далабында күтім компоненті мүлдем жоқ дейді.

“Қыздар, бұл далап – күтім емес, тіпті “орта” сегмент емес. Сенгіш аудитория үшін әдемі оралған қарапайым арзан синтетика қоспасы. Polyisobutene, Polydecene, Palmitate – ерінде қабық қалдыратын арзан май алмастырғыштар. 5 минут тұратын жылтырақ. Беделді брендтер баяғыда бас тартқан Ethylhexyl Methoxycinnamate ескірген және тітіркендіргіш УФ-фильтрі бар. Күтімнен тек аз дозада Е дәрумені. Хош иістендіргіш пен аллергендер (Limonene) одан сайын тітіркендіреді. Пигменттер көп, сапасы аз. Ешқандай май, гиалурон, керамид, ештеңе жоқ. Әдемі орамадағы арзан жылтырақ, химиялық қабық”, – делінген.

Айым Сейтметованың 8000 мың теңге тұратын бетке арналған далабы да Қытайда өндірілген екен. Сөзінше, сертификаты жоқ.

“Dimethicone, Polysilicone-11, Methicone – масс-маркет силикондары. Hydrogenated Polyisobutene, Propylene Glycol Dicaprylate/Dicaprate – жұмсақ әсер беретін арзан эмоленттер. Synthetic Fluorphlogopite, Mica, Silica – қарапайым кең тараған компоненттер. CI 77891, CI 77491/92/99, CI 77007, CI 15850, CI 19140, CI 45410 – стандартты бояғыштар. CI 19140 және CI 45410 – синтетика және сезімтал теріні тітіркендіруі мүмкін. Jojoba Oil, Rosa Rugosa Flower Oil, Prunus Speciosa Extract, Tocopherol өте төмен концентрацияда жасалған. Масс-маркет деңгейіндегі далап. Өнім орама мен уәдеге емес, құрамына сай болуға тиіс”, – деді желі қолданушы.

Мерей Абилованың 15 900 теңгелік сусабынына да талдау жасалған. Алайда 1500-2000 теңгелік сусабындармен бірдей дейді.

“Cocamide MEA мен DEA – арзан ПАВ-тар. Тұрақтандырғыштар мен EDTA, Dissolvin, силикондар, этиленгликоль дистеараты. Премиум белсенді заттар жоқ. Пептидтер, керамидтер, аминқышқылдары жоқ, бағаны ақтамайды. Қорытындысы – сіз тек орама мен блогердің аты үшін ақша төлейсіз”, – делінген.

Айгүл Бексейітованың Ailun сусабынын да арзан “Чистая линиямен” салыстырды.

Неге аудитория блогерлердің кез келген өнімін алуға дайын?

Психолог Катерина Жаневскаяның сөзінше, адам блогерді ұзақ уақыт бақылаған кезде таныс адам сияқты сезім пайда болады. Бұл параәлеуметтік қарым-қатынас деп аталады. Ми оны жарнама ретінде емес, досының ұсынысы ретінде қабылдайды дейді.

“Цифрлық ортада параәлеуметтік қарым-қатынас пайда болғанда, бұл сыни қарауды төмендетеді. Сондай-ақ блогерлер өзін үнемі табысты, беделді ретінде көрсетіп жүреді. Соның арқасында олар насихаттайтын не жарнамалайтын кез келген өнім де “мінсіз” деп қабылданады”, – деді маман.

Яғни сарапшы сыни ойлау қабілетін дамытуға кеңес береді. Өйткені мұндай құйтырқылыққа сауатты адамдар алданбайды дейді.

Сөзінше, блогерлер аудиториясының осал тұсын, одан не күтетінін, не үшін қарайтынын меңгеріп алғандықтан, белгілі бір проблемасына тез шешім иллюзиясын ұсына алады.

“Психологиялық механизмдердің жүйелі жұмысы да бар – сенім, идентификация, блогерге жақын ұмтылыс. Дәл осы себепті аудитория тіпті сырттан қарағанда пайдасыз болып көрінетін өнімдерді де сатып алуға дайын”, – деді ол.
Қырмызы Скендирова
Жұма, 17 Сәуір, 2026 16:06