Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан және ОПЕК+ құрамындағы тағы алты ел маңызды мәлімдеме жасады

келісім
Фото: freepik.com

ОПЕК+ (OPEC) құрамындағы жеті ел мұнай өндірудің нысаналы көлемін арттыру туралы келісімге келді. Мұны альянстың өзі мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

3 мамыр күні Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман елдері онлайн форматта кездесу өткізді. Олар жиында әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі жағдай мен алдағы үрдістерді талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша жеті ел мұнай өндіру көлемін тәулігіне шамамен 188 мың баррельге ұлғайтуға келісті. Бұл шешім нарық тұрақтылығын сақтау жөніндегі ортақ міндеттемелер аясында қабылданды. Аталған өзгеріс 2026 жылдың маусым айында күшіне енеді.

келісім
Фото: ОПЕК сайтынан

Сонымен қатар тараптар нарықтағы жағдайды тұрақты түрде бақылап, бағалап отыратынын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, жеті ел Ынтымақтастық декларациясын толық орындауға бейілді екенін тағы бір мәрте растады. Оның ішінде өндіру көлеміне қатысты қосымша ерікті түзетулер де бар. Бұл үдерісті Бірлескен министрлік мониторинг комитеті (JMMC) бақылап отырады.

Сонымен қатар елдер 2024 жылдың қаңтар айынан бері орын алған артық өндіру көлемдерін толық өтеуге ниетті екенін білдірді.

ОПЕК+ құрамындағы бұл жеті мемлекет нарық жағдайын, міндеттемелердің орындалуын және өтем шараларын талқылау үшін ай сайын кездесіп отырады. Келесі кездесу 2026 жылы 7 маусымға жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК және бұл ұйымға кірмейтін мемлекеттер арасындағы келісімнен ОПЕК+-тен шығу әзірге Қазақстанның жоспарында жоқ екені хабарланған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 03 Мамыр, 2026 17:07