Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Біріккен Араб Әмірліктері араға бір жарым ай салып әуе кеңістігін толық ашты

ұшақ
Фото: pixabay.com

Біріккен Араб әмірліктері Азаматтық авиациясы әуе қозғалысы толық қалпына келіп, уақытша шектеулер алынғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі WAM басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл шешім жағдайды жедел бағалап, қауіпсіздік ахуалын жан-жақты талдағаннан кейін, тиісті органдармен келісіп қабылданды.

Ведомство өкілдері ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағдайды үздіксіз бақылап отырғанын айтты. Сонымен қатар олар жолаушылар мен әуе компанияларына түсіністік танытқаны үшін алғыс білдірді. Ал арнайы қызметтердің кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын екенін жеткізді.

Жағдайдың мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.

Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

Ал 17 наурыз күні Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін түгелдей жауып тастағанын хабарлаған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 03 Мамыр, 2026 13:57