Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір әйелдің кесірінен, екі тағдыр күл-талқан болды": Адам өлтірген күдіктіні қолдаған блогер Азамат Сәрсенбаевтың басы дауға қалды

Азамат Сәрсенбаев
Фото: instagram.com/azamat_sarsenbayev

Жаңаөзенде дәрігерді өлтірді деген күдікке ілінген азаматты қолдаған қазақстандық блогер Азамат Сәрсенбаевтың басы дауға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сотта дәрігер-терапевт Нұрдәулет Аманғалиевтің өліміне қатысты резонансты іс қарала бастады. Бұл оқиға қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Блогер де сот отырысына қатысып, желідегі парақшасында оқиғаға қатысты өз нұсқасын жариялап, айыпталушыға жанашырлық білдірген.

Блогердің айтуынша, ер адам 14 жыл отасқан, бес қыздың әкесі болған. Жақсы жұмысы, тұрақты табысы, баспанасы мен көлігі бар, отбасын жыл сайын шетелге демалысқа апарып жүрген.

Азамат Сәрсенбаев ер адам бір күні әйелінің көзіне шөп салып жүргенін білгенін, отбасын сақтап қалу үшін әйелінің көңілдесімен бірнеше рет кездесіп, қарым-қатынасты тоқтатуды сұрағанын жазды. Кейін жағдай ушыққан соң, Меккеге барып, бәрін ой елегінен өткізген. Балалары үшін отбасын сақтағысы келіп, бүкіл отбасына Түркияға билет алған. Алайда қайғылы оқиға болған күні ер адам көлігінен әйеліне тиесілі іш киім мен насыбай қорабын тауып алған. Осыдан кейін қатты күйзеліске түсіп, пышақ алып, әйелінің көңілдесі жұмыс істейтін жерге барған. Сол жерде оған бірнеше рет пышақ сұғып, кейін өзі полицияға берілген.

“Осылайша, бір әйелдің кесірінен екі адамның тағдыры күл-талқан болды: бірі қаза тапты, екіншісіне ұзақ жылға бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр”, – деп жазды блогер.

Блогердің бұл жазбасын желі қолданушылары қатаң сынға алды. Қазақстандықтар ешқандай жағдай адам өлтіруді ақтай алмайтынын жазып жарыса жатыр.

“Азамат, шынымды айтсам, мұны пікір жинап, белсенділікті арттыру үшін жаздыңыз деп үміттенемін. Ал егер шынымен осылай ойласаңыз – бұл қорқынышты”, “Сонда Меккеге барып келді деп адам өлтірді деп күдікке ілінген адамды ақтайсыз ба? Заң бар. Ажырассын. Көліктегі заттарды көрдім деп біреудің өмірін қиюға қандай құқығы бар?”, “Бұл ақтау емес, Аза! Ажырасу керек еді. Жаңа өмір бастау керек еді. Біреуді өлтірудің еш мәні жоқ”, “Патриархалды қоғамда әйел өлтірілсе – әйел кінәлі, ер адам көңілдесін өлтірсе – тағы да әйел кінәлі. Қай жерде де әйел кінәлі болып шығады. Ал ер адам мінсіз, пәк адамның үлгісі сияқты”, – деп жазған олар.

Еске салайық, бұған дейін 28 қаңтарда Маңғыстау облысында дәрігерді жұмыс орнында пышақтап кеткенін жазған едік. Әріптестері бірнеше сағат бойы оның өмірі үшін күрескенімен, дәрігерді аман алып қалу мүмкін болмады. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмысқа отбасылық-тұрмыстық жанжал себеп болған. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындаған.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 12:15