Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаудағы жанармай құю бекеттерінде автогаз тапшылығы сезіліп жатыр

автогаз тапшылығы
Фото: Видеодан скрин

Ақтауда автогаз тапшылығы мәселесі ушығып тұр. Жүргізушілер газ құю үшін бірнеше сағат кезекте тұруға мәжбүр болса, жергілікті билік жағдайдың уақытша екенін айтып, оның себебін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеумен байланыстырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтауда жүргізушілер газ құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезекке шағымдануда. Олардың айтуынша, көлікті газбен толтыру үшін бірнеше сағат күтуге тура келеді. Оның үстіне, алдымен газ бар жанармай құю бекетін тауып алу қажет.

Ал  жүргізуші Дүйсенбай Қанатовтың айтуынша, ұзын-сонар кезек күнделікті қалыпты жағдайға айналған.

"Кем дегенде бір жарым-екі сағат кезекте тұрамыз. Егер кезекте 10–15 көлік болса, шамамен екі сағат уақытың кетеді. Бір рет қана газ құйып аламыз. Ол бір күнге ғана жетеді, екі күнге жетпейді”, – деді жүргізуші Дүйсенбай Қанатов.

Жүргізушілердің сөзінше, мұндай жағдай бір айдан бері жалғасып келеді. Кейде кезекте тұрған кезде-ақ бекеттегі газ таусылып қалады. Сонда басқа жанармай құю бекетін іздеп, қайтадан жаңа кезекке тұруға мәжбүр болады.

Шенеуніктердің мәліметінше, қазіргі таңда өңірде газбен жүретін 100 мыңнан астам автокөлік бар. Оларды қамтамасыз ету үшін ай сайын 18 мың тонна сұйытылған мұнай газы жеткізіледі. Алайда жаз мезгілінде туристік маусымның басталуына байланысты тұтыну көлемі қосымша 2-3 мың тоннаға артып, уақытша тапшылық туындауы мүмкін.

Бұған қоса, негізгі себеп ретінде көршілес Атырау облысындағы мұнай өңдеу зауытында жүргізілген жоспарлы жөндеу жұмыстары аталып отыр.

Ал облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаев газ тапшылығының себебін түсіндіріп, мәселенің қашан шешілетінін айтты.

"Маусым айының соңында Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге тоқтатылды. Соған байланысты біздің облысқа Атырау мұнай өңдеу зауытынан бөлінетін сұйытылған газ көлемі тек 18 шілдеден бастап қайта жеткізіле бастады. Жалпы, жағдай келесі айдың ортасына немесе соңына қарай тұрақталады деп күтіп отырмыз", – деді Пікір Сансызбаев.

Еске салайық, бұған дейін Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай тапшылығы күшейіп, Иркутск облысы, Забайкалье өлкесі және Пенза облысында жоғары дайындық режимі енгізілгенін жазған едік. Осыған байланысты кей өңірлерде жүргізушілерге бір құйғанда 30-50 литрден артық бензин сатуға шектеу қойылды. Сарапшылар бұл жағдай Қазақстанмен шекарадағы көлеңкелі жанармай саудасының артуына, сондай-ақ Ресейден импортталатын авиациялық отын көлеміне әсер етіп, халықаралық әуе билеттерінің қымбаттауына және теңгеге қысым түсуіне себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 09:40