Ақтауда ауызсу мәселесі ушықты: Тұрғындар бірнеше тәулік бойы сусыз отыр

Ақтауда ауызсу мәселесі қайта ушығып, бірқатар шағынаудан тұрғындары бірнеше тәулік бойы сусыз отыр. Билік бұған су тапшылығы емес, тозығы жеткен су құбырлары себеп болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде бірқатар шағынаудандарда ауызсу бірнеше тәулік бойы берілмей жатқанын айтып, жаппай шағымдануда. Кейбір тұрғындардың айтуынша, су тек түнгі уақытта ғана келеді. Ақтау тұрғыны Анна Диденконың сөзінше, олар соңғы екі апта бойы суды тек түнде жинауға мәжбүр.
"Күндіз мүлде су болмайды. Біз көпқабатты үйдің жоғарғы қабатында тұрамыз. Су тек түнгі сағат 03:00 мен 04:30 аралығында ғана ағады. Сол уақытта үлгеріп су жинап алуымыз керек. Күні бойы ыдыс жуылмайды, барлық тұрмыстық жұмыстар кейінге қалады", – дейді тұрғын.
Ал Маңғыстау облыстық су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының орынбасары Ануар Туляковтың айтуынша, мәселенің негізгі себебі – су тапшылығы емес, инженерлік желілердің қатты тозуы.
Оның сөзінше, өңірдегі тұщыландыру зауыттары қаланы қажетті көлемде сумен қамтамасыз етіп отыр. Алайда қаланың су құбырлары шамамен 80%-ға тозғандықтан, апаттар жиілеп кеткен.
"Сумен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе жоқ. Су жеткілікті. Қазіргі қиындықтардың басты себебі – ескірген құбырлар. Біз оларды кезең-кезеңімен жаңартып жатырмыз. Қаланың 1-шағынауданынан 6-шағынауданына дейінгі су және кәріз желілері толық ауыстырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады", – деді Ануар Туляков.
Мамандардың мәліметінше, Ақтауда шамамен 500 шақырым су құбыры жаңартуды қажет етеді. Коммуналдық желілерді толық жаңғыртып, қалаға ауызсуды тұрақты жеткізу үшін шамамен 3 жыл қажет болады.
Еске салайық, бұған дейін өндірушілер жарты литрлік бөтелкедегі судың зауыттан шығу бағасы шамамен 45 теңге болатынын мәлімдеген еді. Осы сомаға пластик бөтелке, қақпағы, заттаңба, судың өзі, электр энергиясы және басқа да өндірістік шығындар кіреді. Алайда өнім көтерме жеткізушілер арқылы дүкендерге жеткенде оған логистика, қоймада сақтау, тасымалдау және сауда желілерінің үстемеақылары қосылады. Соның салдарынан жарты литрлік судың бөлшек саудадағы бағасы әдетте 280-300 теңгеге дейін өссе, кейбір сауда орындары мен қоғамдық орындарда 850 теңгеге дейін сатылатыны хабарланған еді. Мамандар соңғы бағаның қалыптасуына өндірістен бөлек, жеткізу тізбегіндегі әрбір кезеңнің шығындары мен үстемеақылары әсер ететінін айтқан.
Көкжайлаудағы QR-код жұртты шулатты: Аумаққа кіру ақылы болып кетті ме
Оқыңыз