Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда 24 жастағы жігіт студенттерге жақсы балл алуға көмектесемін деп алдап, ақша алған

сот залы
Фото: ЖИ

Ақтауда студенттердің оқу үлгерімін жақсартып, емтиханнан жоғары баға алуға жәрдемдесемін деп ақша алған 24 жастағы жігіт сотталды. Судья 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өңірлік прокуратураның мәліметінше, ол университеттегі 12 студенттің сеніміне кіріп, 5 миллион 200 мыңға жуық қаражатын жинап алып, сан соқтырған.

Ол тәлімгерлердің 90 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі ақшасын қалтасына басыпты. Ал соңында уәде еткен міндеттемесін орындамай, алдап алған қаржыны жеке басының қажетіне жұмсап жіберген.

Өңірлік прокуратура бұған дейін де ол екі рет дәл осылай студенттерді алдағанын хабарлады. Сол кезде оған бас бостандығын шектеу жазасы берілген. Алайда жігіт бұл қылмысын тағы қайталаған. Сот оның бұрынғы үкім жиынтығымен 3 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

“70 мыңнан бастап, миллион теңгеге дейінгі қаражат. Біреу жетпіс мың, біреу жүз мың, біреу миллион. Әркімге әр түрлі. Жалпы 12 тұлға. Барлығы сол студенттер. Бұл жағдайдан кейін оқу орнында түсіндіру жүргізілді”, – деді Ақтау қаласының прокуроры Дауылбай Нұрлыбайұлы.

Басшылығына да, студенттерге де, мұндай әрекеттің жалған екенін, ондайға алдағы уақытта жол беруге болмайтынын, сенуге болмайтындығы түсіндірілді.

Қырмызы Скендір
Жексенбі, 16 Тамыз, 2026 15:40