Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау маңында көлік жуатын орында атыс болып екі адам ауруханаға түсті

көлік жуатын орында атыс Ақтау
Фото: lada.kz

Ақтау маңындағы Ақшұқыр ауылында көлік жуатын орында атыс болып, екі адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Атыс 9 шілде күні таңертең көлік жуу кешенінің маңында болған. Ақтау тұрғындары оқиға орнынан зардап шеккендердің суреттері мен болған жағдай туралы ақпаратты әлеуметтік желілер мен WhatsApp арқылы тарата бастаған. Ақпаратты Маңғыстау облыстық аурухананың баспасөз қызметі растады.

Қазір ауруханада екі зардап шеккен адам ем алып жатыр. Олардың бірі – 25 жаста, екіншісі – 27 жаста.

Аурухана мәліметінше, 25 жастағы науқас №1 хирургия бөлімінде жатыр. Оның беті, мойны және екі қолынан бірнеше оқ жарақаты анықталған. Сондай-ақ оң жақ кеуде қуысына оқ тиіп, оң жақты травмалық гемоторакс диагнозы қойылған.

27 жастаңы екінші науқас №2 хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оның оң жақ балтырынан оқ жарақаты және бет сүйектерінің бірнеше сынығы анықталған.

көлік жуатын орында атыс Ақтау
Фото: lada.kz

Дәрігерлер екі науқастың да жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, қажетті медициналық көмектің барлығын көрсетіп жатыр.

Маңғыстау облысының полиция департаменті Ақшұқырдағы атыс фактісін растады. Жарақат алған екі жігіт ауруханаға жеткізілген. Қаза болғандар жоқ.

"Адам өлтіруге оқталу, бұзақылық, сондай-ақ суық қаруды заңсыз алып жүру және өткізу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап, жанжалға қатысушыларды ұстады", – деп хабарлады ведомство.

Төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 10 Шілде, 2026 11:19