АҚШ пен Иран мәмілесі: Келісім қай кезеңге жетті

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Америка Құрама Штаттарымен келісім әзірлеу барысында елеулі ілгерілеуге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аббас Аракчи 12 маусымда X әлеуметтік желісінде жазба жариялады.
“Исламабадта әзірленген өзара түсіністік туралы меморандум бұрын-соңды болмаған деңгейде түпкілікті келісімге жақындап қалды. Біздің жауапты әрі ашық ұстанымымызға сәйкес, барлық егжей-тегжейі қоғамға дер кезінде ұсынылады", – деп жазды ол.
Сонымен қатар министр бұл үдеріс толық аяқталғанға дейін бұқаралық ақпарат құралдарын "құжаттың мазмұнына қатысты түрлі жорамалдар мен алыпқашпа әңгімелерден аулақ болуға" шақырды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Аракчидің жазбасын өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде бөлісті.
Ал АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Иранмен ықтимал келісім туралы БАҚ-та таралып жатқан ақпараттың көп бөлігі шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
"Бұғазды ашу және Иранның ядролық қару жасау бағдарламасын тоқтату жөніндегі ықтимал келісім туралы көптеген жалған ақпаратты көріп отырмын. Біріншіден, Иран ешқандай қаржы алмайды және келісімге қол қойғаны немесе кездесуге қатысқаны үшін ешқандай қаражат бұғаттан шығарылмайды", – деп жазды ол желіде.
Оның айтуынша, бұл келісім ең алдымен АҚШ пен оның одақтастарының мүдделерін ескеретіндей етіп құрылған. Егер Иран өз міндеттемелерін орындаса, экономикалық пайда тек Иранға ғана емес, бүкіл өңірге де тиеді. Вице-президенттің түсіндіруінше, бұл келісім аймақтың болашағын өзгертіп, ұзақ мерзімді бейбітшілікке жол ашуы мүмкін.
"Соңғы бірнеше сағат ішінде БАҚ жарияланымдарындағы бірнеше оғаш жайтқа назар аудардым. Біріншіден, небәрі бір ай бұрын Дональд Трампты тарихи президент деп атаған адамдар қазір баспасөздегі расталмаған хабарларға сүйеніп, бұл келісімді сынап жатыр. Екіншіден, Ислам революциясы күзетшілер корпусының бірде-бір сөзіне сенуге болмайды деп айтатын адамдар неге екені белгісіз әлеуметтік желілердегі анонимді жарияланымдарға сенеді", – деді ол.
Вэнс сондай-ақ президент қандай жағдай болса да АҚШ үшін "жақсы нәтижеге" қол жеткізетініне сенімді екенін қосты.
Бұған дейін Ақ үй басшысы Иранды реттеу үдерісін созып жатыр деп айыптаған еді. Ал түнде АҚШ елдің оңтүстігіне соққы жасады. Президент қарсыласын мәмілеге келмеген жағдайда толық күйретемін деп қорқытты.
Бұған жауап ретінде Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін жолды толық жауып, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып шабуыл операциясының алғашқы кезеңі басталғанын жариялады.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз