Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Кубаға өздеріне жақын жаңа басшы іздеп жатыр

Куба жаңа басшы
Фото: depositphotos.com

АҚШ Кубадағы билікті ауыстырып, елге өзіне жақын басшы әкелгісі келеді. Трамп әкімшілігі жаңа көшбасшыны Кубаның қазіргі өз шенеуніктері арасынан іздеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі New York Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

АҚШ Кубаны Вашингтонға жақын Дельси Родригес секілді саясаткер басқарғанын қалайды. Ол бұған дейін Венесуэланың вице-президенті болған. Қаңтарда америкалық әскер Венесуэла президенті Николас Мадуроны тұтқындағаннан кейін Родригес елдің уақытша басшысы болған.

Алайда америкалық барлау қызметтері мұндай сценарийді Кубада жүзеге асыру Венесуэлаға қарағанда әлдеқайда қиын деп санайды. Себебі Кубада билікті өз қолына алуға дайын, прагматикалық шенеуніктер аз.

АҚШ барлау қызметтерінің бағалауынша, егер америкалық әскер Кубаның бұрынғы президенті, елдегі ықпалын әлі де сақтап отырған Рауль Кастроны биліктен кетірсе, жергілікті элита билікті өз қолына алуға дайын болмауы мүмкін.

Америкалық барлау Кубадағы элитаның Ирандағы билік өкілдеріне көбірек ұқсайтынын және олардың әлдеқайда радикалды болуы мүмкін екенін ескертеді.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 08 Тамыз, 2026 18:28