Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық тамақ жеткізуші бір айда 729 000 теңге тапқан. Chocofood, Glovo, Wolt курьерлерінің табысы қанша?

 Біреу үшін курьерлік жұмыс қосымша табыс болса, енді біреу мұны негізгі жұмысы ретінде алып жүр. Отандық компания Chocofood-пен шетелдік Glovo, Wolt, Яндекс.Еда курьерлері жалақысы қандай? Күніне қанша сағаттан жұмыс істейді және сол еңбегі ақтала ма? Осы және өзге де сұрақтарға Stan.kz ақпарат агенттігі жауап іздеп көрді.

Chocofood, Glovo, Wolt курьерлерінің табысы қанша?

Қоғамдық көлікте көріп қалып, жағдайы нашар-ау деп аямаңыз, курьердің бір басында көлігі, екі пәтері, тіпті екі жоғары білімі болуы мүмкін. 

Chocofood
Тағамға онлайн түрде тапсырыс беруге арналған қызмет көрсететін отандық нарықтағы ірі компания.
 
Курьерлер командасын (райдерлар) HR мамандар (қызметкерлерді жұмысқа қабылдаумен айналысады-авт.)таңдайды. Жұмысқа қабылдау бірнеше кезеңнен тұратын әңгімелесуден өтеді: олар тапсырмаларды орындап, сынақ мерзімінен өтуге тиіс. 

Қазақстанда компанияның 300-ден астам курьері бар. Республика бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Ақтауда жұмыс істейді және жақын арада басқа қалалардан бөлімше ашуды жоспарлап отыр.

Мұнда курьерлер азаматтық-құқықтық келісім бойынша (Қызмет көрсету шарты) жұмыс істейді.

Chocofood өз қаражаты есебінен 10% ЖТС төлейді, 10% міндетті зейнетақы төлемдері және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 1% курьердің жалақысынан алынады.
 
“Жалақы белгіленген мөлшерлемеден тұрады: жұмыс істеген сағат пен орындалған тапсырыстар саны, қосымша бонустық жүйе жұмыс істейді. Курьер жұмысының тиімділігі оның 1 сағатта жасалған тапсырыс саны бойынша бағаланады, сондай-ақ бонустық жүйе де есепке алынады”-дейді Chocofood компаниясының PR менеджері Камила Қанатбаева.

Курьердің жұмыс уақыты әдетте аптасына кем дегенде 4 күн, кем дегенде 8 сағат жұмыс істеу керек.
 
Аймақтар бойынша орташа жалақы:
Алматы - 350 000 теңге
Нұр-Сұлтан - 300 000 теңге
Ақтау - 200 000 теңге
Шымкент - 300 000 теңге
Қарағанды - 200 000 теңге

Компания ұсынған мәліметтерге сәйкес ең жоғары жалақы Алматы қаласында тіркелген және 729 000 теңгені құрайды.
 
Glovo

Компания жұмысшыларға айына 450 мың теңгеге дейін табыс уәде етеді. Алайда мұнда курьер тек тамақ емес, басқа да қосымша заттар әкелуге міндеттенген.

Glovo компаниясында жарты жыл жұмыс істейтін Азамат есімді курьер жұмысының қиын емес әрі табысты екенін айтады.

Қызметкердің айтуына қарағанда, мұнда аптасына 60 мың теңгеге дайін жалақы алады. Сонда орта есеппен айына 240-250 мың теңге табуға болады.

Алайда, қазір курьер ретінде тек көлігі, велосипеді бар адамдарды ғана жұмысқа алады екен. 

Екінші кейіпкеріміз Шернияз 30 жаста.

Ол Glovo-да курьер ретінде жұмыс істеп жатқанына бір айдан аса уақыт болған. 

"Күніне 8-9 сағат жұмыс істеймін. Тапсырысты 45 минутта жеткізу керек. Күніне 8-10 мың теңге аралығында ақша табамын. Қазіргі уақытта бұл менің негізгі жұмысым. Бір айда - 150 мыңнан аса табыс табуға болады",-дейді ол.

Wolt

Компания қызметкерлеріне 400 мың теңгеге дейін жалақы ұсынады. Сағатына 900 тг төленетінін жазған. 


Wolt компаниясының қызметкері Рүстем Тоқмолдиновтың курьер ретінде жұмыс істеп жүргеніне 2 айға жуық уақыт болған. 

37 жастағы екі жоғары білімі бар Рүстем 3 күнде 15000 теңге, сағатына велосипедпен болса 630 тг, көлікпен болса 900 тг табатынын айтты.

“Алматыда екі пәтерім бар, қолым бос кезде курьер болып қызмет етемін. 
Зейнетақым жүріп жатыр, қаңтар айында жұмысыма 52000 теңге көлемінде жалақы алдым. Мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім, қазіргі уақытта курьерлікпен қоса балабақшада дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін", - деді Рүстем. 

Рүстемнің айтуынша, Wolt-та 09:45-тен 00:30-ға дейінгі уақыт аралығында жұмыс істеуге болады, яғни шекутеу жоқ. Әркім өз қалауынша жұмыс істеуіне болады. 

“Қазақстанда жақсы табыс табуға болады. Жағдай жасалмаған, тұрмысым нашар дейтіндер - еріншектер мен есуастар”,-дейді ол.

Тамақ жеткізуші курьерлердің орташа жалақы 150-250 мыңды құраса, қосымша жұмыс ретінде айына кем дегенде 50 мың тг көлемінде табыс табуға болады. Бұл жұмыс үшін табысты қалалар Алматы мен Нұр-Сұлтан екенін курьерлер де жасырмайды, ал аймақтарда сәйкесінше жалақы төменірек. 

Яндекс. Еда

Кафе мен мейрамханалардан тағамға тапсырыс беру мүмкіндігі Қазақстанда былтыр Яндекс.Такси қосымшасы негізінде пайда болды: тамыз айында қосымша Алматыда, қыркүйекте - Нұр-Сұлтанда іске қосылды. 

Яндекс курьерлермен тікелей жұмыс істемейді.

“Біз курьерлерді жалдап, оқытатын және олармен барлық есеп айырысуды жүргізетін кәсіби курьерлік қызметтермен серіктестік жүргіземіз. Біздің серіктестеріміз Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтауға міндетті.

Қызметте тапсырыс орындау ақысына әсер ететін қарапайым және айқын критерийлер бар. Оған мейрамханаға дейінгі қашықтық, тапсырысты уақытылы алып кету, тапсырыс берушіге дейінгі қашықтық және тапсырысты жеткізу жылдамдығы жатады. Ұзақ қашықтыққа апаратын курьерлерге бонус беріледі. Курьерлік қызметтер өз қызметкерлері үшін қосымша ережелер енгізуі мүмкін".

 

Назерке Мұса

Талқылау