Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Апелляцияға береміз": Айыпталушының адвокаты Ерлан Ғазымжанов сот үкіміне қарсылық айтты

13 мамырда әйелі Салтанат Нүкенованы қинады және өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотталды. Сотта экс-министрдің мүддесін қорғаған адвокаттардың бірі алғаш рет сот үкімі туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Адвокат Ерлан Ғазымжановтың сөзінше, ол сот үкімінің шешімімен келіспейді.

“Біз апелляцияға береміз, үкімге шағымдануға ниеттіміз. Қорғау тарапының пікірінше, судья елеулі процессуалдық заңбұзушылықтарға жол берді”, – деді айыпталушының адвокаты.

Ғазымжанов Бишімбаевқа тағайындалған 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы туралы да тілге тиек етті.

“Қорғаушы тарап Бишімбаевты қинау бабы бойынша айғақтардың жоқтығына байланысты ақтап, адам өлтіргені үшін емес, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын келтіргені үшін кінәлі деп тану керек еді деп есептейді. Бұл бап (ҚК-нің 106-бабы, 3-бөлігі) 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Осылайша, заң бойынша Бишімбаев осы шекте жазалануы керек”, – деп есептейді адвокат.

Адвокат үкім жарияланғаннан кейін Қуандық Бишімбаевқа тергеу изоляторына барғанын айтты.


  • Алматыда Бишімбаевқа қарсы митингке шыққан феминистке 184 мың теңге айыппұл салынды

Еске сала кетейік, 13 мамырда Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды.

Талқылау