Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Нұрбол Назарбаевтың "кедеймін" деген уәжіне сенбей, қарызын бөліп төлеуге рұқсат бермеді

Нұрбол Назарбаев
Фото: Ішкі істер министрлігі

Нұрбол Назарбаевтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы өтініші апелляциялық сатыда да қолдау таппады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қарасай аудандық сотында Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрбол Назарбаев төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануды сұраған еді. Алайда 2026 жылғы 27 наурызда бірінші сатыдағы сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Сот қаулысына сәйкес, Нұрбол Назарбаевтың берешегі шамамен 57,9 млрд теңге болды.

Осыдан кейін Нұрбол Назарбаев бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюды талап етіп, апелляциялық шағым түсірді. Бірақ апелляциялық сот та оның талабын қанағаттандырмады.

Сот алқасы Нұрбол Назарбаевтың өз табысы, шығыстары және қаржылық жағдайы туралы толық мәлімет ұсынбағанын атап өтті.

Сонымен қатар бас прокуратураның Активтерді қайтару қызметі борышкердің активтерді өндіріп алу туралы сот шешімінің орындалуын созу үшін сот тетіктерін пайдаланып отырғанын мәлімдеді. Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы бұл уәждермен келісті.

Еске салайық, бұған дейін Нұрбол Назарбаев 2025 жылдың қыркүйегінен бері өзін банкрот деп тану үшін бірнеше рет сотқа жүгінді. Алғашқы екі өтініші қараусыз қалса, 2026 жылдың наурызында сот оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы талабын да, кейін апелляциялық шағымын да қанағаттандырмады. Сот оның қаржылық жағдайы туралы толық мәлімет ұсынбағанын атап өтті. Бұған дейін жарияланған мәліметке сәйкес, Нұрбол Назарбаевтың берешегі 63,7 млрд теңге.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 14:49