Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттің Болат Назарбаевтың мұрагерлеріне қарсы берген талап-арызы кері қайтарылды: Себебі неде

Болат Назарбаев мұрагерлері талап-арыз
Фото: Салиқалы ұрпақ ҚҚ

Алматы соттары PLS компаниясы мен Болат Назарбаевтың көптеген мұрагерлеріне қарсы Мемлекеттік мүлік комитеті берген талап-арызды мәні бойынша қараудан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Арызда процессуалдық қате болғандықтан, ол талап қоюшыға кері қайтарылған.

Белгілі болғандай, бұл дауда мемлекет жеңілді дегенді білдірмейді. Сот бірінші сатыда мәмілелердің заңдылығын да, келтірілген шығын көлемін де қарауға кіріспеген.

Негізгі себеп – жауапкерлер тізімінде марқұмның бауырының кәмелетке толмаған балаларының көрсетілуі.

Алматы соты дауда кәмелетке толмағандардың мүліктік құқықтары мен мүдделері тікелей қозғалып отырғандықтан бұл істі қарауға құзыреті жетпейтіні мәлімдеді.

Сондықтан жалпы аудандық сот мұндай істі қарауға құқылы емес екені айтылды. Алматы қалалық соты мұндай істерді заң бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарауы тиіс екенін растады.

"Талап қойылған жауапкерлердің қатарында кәмелетке толмаған балалар да бар, сондықтан бұл дау олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей әсер етеді", – делінген сот анықтамасында.

Талап-арыз кімдерге жіберілген?

PLS инвестициялық-құрылыс компаниясынан бөлек, іс бойынша 14 жеке тұлға жауапкер ретінде көрсетілген. Олар: Нұрбол Назарбаев, Ханболат Назарбаев, Ханторе Дуйсебаев, Жәнел Дуйсебаева, Болатхан Болатұлы, Елнұр Назарбаев, Акбар Назарбаев, Болат Назарбаев, Нұрбану Назарбаева, Еркежан Назарбаева, Мұхаммед Назарбаев, Томирис Болатқызы, Аруназ Болатқызы және Альбина Назарбаева.

Талаптың мәні: мемлекет мәмілені заңсыз деп тануды және келтірілген шығынды мемлекет пайдасына өндіріп алуды сұрап отыр.

Алайда сот құжаттарында нақты сомалар мен нақты мүліктер әзірге көрсетілмеген.

Алматы ауыр машина жасау зауытына тиесілі жерлер мен мүліктер бұрын әртүрлі келісімдер арқылы PLS инвестициялық-құрылыс компаниясына өткен.

Оқиға былай болған:

  • 2007 жылы зауыт үлкен жерін және ғимараттарын PLS компаниясына сатқан;
  • Кейін тағы бір жер телімі бірнеше рет қолдан ауысып, соңында да сол компанияға өткен;
  • Осы процестер кезінде Болат Назарбаевтың аты да аталған.

Қазір мемлекет осы бұрын жасалған жер немесе мүлік мәмілелерінің заңдылығын қайта тексеріп жатыр. Егер заң бұзылған болса, келісімді жарамсыз деп тануды немесе келтірілген шығынды өндіріп алуды талап етіп отыр.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 15:52