Anthropic OpenAI-ды басып озып, әлемдегі ең қымбат жасанды интеллект компаниясына айналды

Anthropic OpenAI-ды басып озып, әлемдегі ең қымбат жасанды интеллект компаниясы атанды. Компания H сериясындағы қаржыландыру раунды аясында 65 миллиард доллар тартқан. Соның нәтижесінде оның бағалауы 965 миллиард долларға дейін өсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNBC сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ал OpenAI биыл наурыз айының соңында 122 миллард доллар көлеміндегі рекордтық қаржыландыру раундынан кейін 852 миллард долларға бағаланған еді.
Инвестициялық раундты Greenoaks Capital, Sequoia Capital, Altimeter Capital және Dragoneer Investment Group басқарды. Мәміледен кейін Anthropic-тің құны шамамен үш ай бұрынғы 380 млрд долларлық бағалауымен салыстырғанда 2,5 есе артты.
ОқыңызСонымен қатар компания өзінің жаңа флагмандық жасанды интеллект моделі Claude Opus 4.8-ді таныстырды. Anthropic өкілдерінің айтуынша, бұл модель бағдарламалық код генерациялау қабілеті жағынан алдыңғы нұсқадан едәуір асып түседі.
Компания қазіргі бизнес қарқыны негізінде есептелетін жылдық түсім көрсеткіші мамыр айында 47 миллиард доллардан асқанын да мәлімдеді.
“Бұл қаржыландыру қазір байқалып отырған бұрын-соңды болмаған сұранысты өтеуге, зерттеу саласындағы көшбасшылық позициямызды сақтауға және Claude моделінің жұмыс процестеріндегі қолданысын кеңейтуге көмектеседі”, – деді компанияның қаржы директоры Кришна Рао.
Anthropic 2021 жылы құрылған. Компанияны Дарио Амодеи басқарады. Кейінгі айларда ол жасанды интеллектінің ықтимал қауіптері мен саланы реттеу қажеттігі туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған.
Anthropic инвесторларының қатарында Amazon мен Google бар. Жаңа қаржыландыру раундына Samsung, Micron және SK hynix компаниялары да қосылғаны айтылды.