Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелдер неліктен ыстықты ерлерге қарағанда ауыр көтереді – Мамандар түсіндірді

әйелдер
Фото: magnific.com

Аптап ыстық әйелдердің ағзасына ерлерге қарағанда көбірек салмақ түсіреді. Мамандар мұны гормондық өзгерістер, терморегуляция ерекшеліктері және жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктеменің артуымен байланыстырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Әйелдер ыстық күндері өзін әлсіз сезініп, тез шаршайды, ашушаңдық, бас айналу, іштің кебуі сияқты белгілерге жиі шағымданады. Мамандардың айтуынша, аптап ыстық кез келген адамға әсер еткенімен, әйелдердің ағзасына түсетін салмақ көбірек болады. – 

Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің (NHS) жалпы тәжірибелік дәрігері, әйелдер денсаулығы бойынша маман Ниғхат Арифтің айтуынша, ыстық ауа райы әйелдердің жүрек-қан тамырлары жүйесі үшін ерекше сынақ.

"Ыстықты жүрек-қан тамырлары жүйесіне арналған стресс-тест ретінде қабылдаңыз. Қарқыныңызды баяулатып, ағзаңызға қамқорлық жасаңыз", – дейді Ниғхат Ариф.

Зерттеулерге сәйкес, әйелдер ерлерге қарағанда азырақ терлейді және терлеу процесі дене температурасы жоғарырақ болғанда ғана басталады. Соның салдарынан ағза артық жылуды баяу шығарады әрі қызып кеткенін кеш байқайды.

Сонымен қатар әйелдердің дене қызуы мен май үлесі орта есеппен жоғарырақ болғандықтан, қызып кету қаупі де артады.

Эстроген мен прогестерон деңгейінің етеккір циклі, перименопауза, менопауза, жүктілік және бала емізу кезеңдерінде өзгеруі дененің температурасын реттеу қабілетіне әсер етеді.

Лондон университеттік колледжінің Жаһандық денсаулық институтының қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі ғылыми кеңесшісі Кэт Пиньо-Гомес әйелдердің ыстыққа байланысты қауіп-қатеріне тек биология ғана емес, әлеуметтік жағдайлар да әсер ететінін айтады. Төмен жалақы, жақындарына күтім жасау міндеті сияқты факторлар әйелдердің өз денсаулығына уақыт бөліп, өзін күтуіне кедергі келтіруі мүмкін. Жас ұлғайған сайын ағзаның ыстыққа төзімділігі төмендейді. Әйелдер орта есеппен ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүретіндіктен, егде жастағы әйелдердің қауіп-қатері де жоғары болады.

Етеккір циклі барысында гормондардың ауытқуы әйелдердің ыстыққа сезімталдығын арттырады. Циклдің екінші жартысында прогестерон деңгейі көтеріліп, дене қызуын жоғарылатады. Ал етеккір басталғанда эстроген ең төмен деңгейге түсіп, жүрекке қосымша жүктеме береді. Темірдің азаюы да ағзаға әсер етеді. Әсіресе етеккірі көп келетін әйелдерде темір тапшылығы жиі кездеседі.

Бұл миға оттегінің жеткізілуін төмендетіп, әлсіздік пен бас айналуды күшейтеді. Эстроген деңгейінің төмендеуіне байланысты менопауза мен перименопауза кезеңінде әйелдерде ыстық басу мен түнгі тершеңдік жиі байқалады. Аптап ыстық бұл белгілерді бұрынғыдан да күшейтеді.

"Ыстық басу мен түнгі тершеңдік әсіресе түнде өте ауыр өтеді. Онсыз да ыстық, оған тағы бірден ыстық басады. Бұл – қос соққы сияқты", – дейді Ниғхат Ариф.

The Lancet журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, жүктілік кезінде зат алмасу күшейіп, ағзаның сұйықтыққа қажеттілігі артады. Сондықтан жүкті әйелдердің денесі қызып кетуге бейім келеді.

Жүктіліктің алғашқы кезеңінде прогестерон дене қызуын көтерсе, кейін эстроген мен прогестерон деңгейінің өзгеруі терморегуляцияға әсер етеді. Сонымен бірге қосымша салмақ жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктемені арттырады.

Зерттеу нәтижелері жылу стрессі ана мен нәресте үшін қолайсыз асқынулардың қаупін арттыруы мүмкін екенін көрсетеді. Ірі зерттеулер жоғары температура жүрек-қан тамырлары аурулары мен өлім қаупін арттыратынын, әсіресе әйелдер арасында бұл қауіп жоғары болуы мүмкін екенін көрсеткен. Ыстықта жүрекке түсетін салмақтың артуы қан қысымының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Термен бірге сұйықтық пен тұздың жоғалуы жылу сарқылуын туғызады. 

Дәрігер Ниғхат Ариф қан қысымы шамадан тыс төмендесе, жүрек ұстамасының қаупі де артады дейді.

"Жылу сарқылуы мен күн өтудің белгілерін біліңіз. Көп сұйықтық ішіңіз, желдеткіш пен салқындататын құралдарды пайдаланыңыз. Спортпен таңертең ерте немесе күн батқаннан кейін айналысыңыз. Күннен қорғайтын крем жағып, етеккір цикліңізді бақылаңыз", – деді дәрігер.

Оның айтуынша, жұмыс берушілер, әріптестер және мемлекеттік шешім қабылдайтын тұлғалар да әйелдердің ыстық күндердегі жағдайына көбірек көңіл бөлуі қажет.

"Бұл тек әйелдердің мәселесі емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Егер біз әйелдер үшін жақсы жағдай жасасақ, онда баршаға пайдалы іс атқарған боламыз", – деді дәрігер.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте күннің аптап ыстығында көшедегі термометрлер 60 градустан асатын көрсеткішті тіркеп жатқанын жазған едік. Қазақстанның оңтүстігін қамтыған аптап ыстық тұрғындардың күнделікті өмір салтын өзгертуге мәжбүрледі. Тіпті қаладағы температураны түсіру үшін өрт сөндіру көліктері көше мен аулаларда су шашуды бастаған.  Синоптиктер өңірде күндіз ауа температурасы +40…+45 градусқа дейін көтерілетінін болжап, тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға кеңес берген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 12:51