Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ештеңеге күшім жоқ": Әнші Әсел Жамақаева жарты жылдан бері ішкі күйзелісті бастан өткеріп жүр

Әсел Жамақаева
Фото: Instagram.com/asselya_zhamakayeva/

Әнші, Ayumi тобының экс-солисі Әсел Жамақаева әлеуметтік желідегі әдемі өмірдің артында әрдайым шынайы бақыт тұра бермейтінін айтып, оқырмандарына жан сырын ақтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің сөзінше, Instagram-да ол көбіне әдемі сәттерін, күлкі мен көңілді кадрларын көрсетеді. Алайда кейінгі уақытта ішкі жағдайы мүлде басқа екенін жасырмады.

“Instagram-да көргеннің бәріне сене бермеңіздер. Мен әдемі картинка көрсетемін, күлемін, көңілді жүремін. Бірақ қазір ішкі жағдайым мүлде ондай емес. Бұл депрессия ма, білмеймін. Бірақ мен апатия сезініп жүрмін. Ештеңе қаламаймын, ештеңеге күшім жоқ. Жұмыс істегім келмейді, тіпті үйден шыққым келмейді”, – деді әнші.

Әсел Жамақаева мұндай күйдің бір күндік шаршау емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жағдай бірнеше айға созылған.

“Бұл жай ғана демалу керек деген нәрсе емес. Мен ұзақ уақыт демалдым. Бірақ бұл күй бір күн емес, бір ай емес, екі ай да емес, ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. Сонымен қатар ештеңе істемей жүргендей өзімді кінәлі сезінемін”, – деді ол.

Өнер иесі кейінгі жарты жыл өзі үшін эмоционалды тұрғыдан ауыр болғанын жеткізді. Дегенмен ол оқырмандарына алғаш рет ашылып, көп қолдау алғанын айтты.

“Кейінгі жарты жыл мен үшін ауыр болды. Сіздерге алғаш рет ашық айтып едім, қаншама жылы сөз, қолдау алдым. Уақыт бөліп жазған әр адамға рақмет”, – деді әнші.

Қазір Әсел Жамақаева шабыт іздеп Қытайға ұшып кеткен. Ол 10 күндік сапардың қалай аяқталатынын білмейтінін, бірақ өзгеріс қалайтынын айтты.

“Көп ойланбай, шабыт іздеп Қытайға ұшып келдім. Өзгеріс қалаймын. Бұл 10 күндік сапар немен аяқталарын білмеймін. Егер қызық болса, бәрін көрсетіп, айтып отырамын”, – деп жазды әнші.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 12:42