Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өмірін саясатқа арнаған адам ақша табуды мақсат етпейді": Германияны 16 жыл басқарған Ангела Меркель несімен есте қалды?

Германия үкіметін 16 жыл басқарған Ангела Меркель ресми түрде өкілеттілігін 8 желтоқсанда тоқтатады. Оның орнына 2021 жылы 26 қыркүйекте өткен сайлауда 25,7% дауыс жинап, жеңіске жеткен социал-демократ Олаф Шольц келмек. Ал бүгін Ангела Меркельді салтанатты түрде шығарып салды. Германия тарихындағы алғашқы әйел канцлер несімен есте қалды? Stan.kz тілшісі анықтады. 

Меркель

Діни қызметкер мен ұстаздың отбасында дүниеге келген 

Ангела Доротея Меркель 1954 жылы 17 шілдеде Гамбург қаласында протестант діни қызметкері мен мұғалімнің отбасында дүниеге келген. Дәл осы жылы Меркельдің отбасы Квитцов қаласына қоныс аударады. Мұнда болашақ канцлер жастық шағын өткізеді. 

Мектепті алтын медальмен аяқтаған Ангела Доротея 1973 және 1978 жылдары аралығында Лейпциг университетінің физика факультетінде оқиды. 1986 жылы ол кванттық химия бойынша диссертациясын сәтті қорғап, жаратылыстану ғылымдарының докторы дәрежесін иеленген. 1990 жылға дейін Германия Демократиялық Республикасының Берлин Ғылым академиясы физикалық химия институтында жұмыс істейді. 

Оқу кезінде Ангела Меркель алғашқы күйеуі Ульрих Меркельді кездестіреді. Олардың отбасылық өмірі тек 5 жылға созылған. Балалары болмаған. Кейін Ангела Ульрихке тұрмысқа шығуын қателік деп санайтынын айтқан. 

Ажырасқаннан кейін екі жылдан соң канцлер екінші күйеуі – Иоахим Зауэрмен кездесе бастайды. Алайда тұрмысқа шығуға асықпаған. Олар өз некелерін тек 10 жылдан кейін, 1998 жылы ғана заңдастырады. Меркельдің күйеуі өте тұйық адам, ол жарының инаугурациясына да келмеген. Алайда жеке өмірде екеуі бірге таңғы ас ішіп, бірге дүкен аралайды. 

Меркельдің баласы жоқ. Ол бұл туралы былай дейді:

"Балалы болуды жоспарладым, алайда мүмкін болмады. Кейін саясатқа араласқан соң жасым 35-тен асып кетті, бірақ балалы болу жайлы сұрақты өзіме қоймадым". 

МеркельСаясат әлеміне қадам басуы

Ангела Доротея Меркель 1989 жылы "Демократиялық серпіліс" партиясына қосылады. Алайда 1990 жылы партия өз-өзін таратып, Меркель Христиан-демократиялық ұйымына ауысады. Дәл осы жылы Германия біріккен соң Ангела Меркель жалпыгерманиялық сайлаудан кейін партия атынан бундестагқа депутат болып сайланады. Бұл жылдары Меркель Германия Демократиялық Республикасының тумасы бола тұра, саясатқа араласа алған аз адамдардың бірі болды. 

1991 және 1994 жылдары аралығында Меркель сол кездегі канцлер Гельмут Коляның көмегімен үкімет құрамына еніп, әйелдер және жастар ісі бойынша министр қызметін атқарады. Ал 1994-1998 жылдары Қоршаған орта, табиғатты қорғау және ядролық қауіпсіздік істері бойынша министр болып сайланды. 

1991 және 1998 жылдары министрліктен бөлек Ангела Христиан-демократиялық ұйымы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ал 1993-2000 жылдар аралығында Мекленбург-Алдыңғы Померания жерінде партия ұйымының басшысы болып сайланған. 2000 жылдан бастап ол Христиан-демократиялық ұйымы төрағасы қызметіне ауысады. 

Меркель

Германия тарихындағы алғашқы әйел канцлер

Ангела Меркель 2002-2005 жылдары Христиан-демократиялық ұйымының фракциясын басқарып, үкімет сайлауына қатысады. 2005 жылы өткен парламент сайлауында Христиан-демократиялық ұйымы 35,2% дауыс жинап, жеңіп шығады. 

2005 жылы 22 қарашада Бундестаг Ангела Меркельді Германия Федеративті Республикасының федералды канцлері етіп сайлайды. Сол күні ол ант қабылдап, Германия тарихындағы алғашқы әйел канцлер атанады. 

Ангела Меркель 2009, 2013, 2018 жылдары қайта сайланған. 2013 жылы оған 631 депутаттың 462 дауыс берген. Бұл рекордтық көрсеткіш болды. 

2018 жылы 7 желтоқсанда Меркель партия басшысы лауазымынан бас тартып, тізгін Анненгрет Крамп-Карренбауэрге өтеді. 

Меркель

Саяси шешімдері және көзқарасы

Ангела Меркель Христиан-демократиялық ұйымында центристік бағытты ұстанған. Ол ұйымды барынша "ұлттық партияға" айналдыруға тырысқан. Сонымен қатар ұйымның жұмыс бағдарламасына "адамгершілік, барлық діндермен әділ қарым-қатынас орнату, ұлтқа және Отанға деген махаббат, бюрократиямен күрес” сынды бағыттарды қосқан. 

Сыртқы саясатта Меркель АҚШ-ты қолдауымен есте қалды. Бұдан бөлек Франциямен ерекше қарым-қатынас орнатып, жаңа "альянс" құру жайлы да айтқан. Сонымен қатар Түркияның Еуроодаққа қосылуына қарсылығын да бідірген

Меркель Украинаның шығысында орын алған оқиғадан кейін Ресейге санкция енгізу бастамасын қолдаушылардың бірі болды. Ол 2015 жылы 8 қаңтарда Арсени Яценюкпен кездесу барысында Ресейге салынған санкцияның бір бөлігі Минск келісіміндегі талаптар орындалған соң ғана алынып тасталатынын айтқан. 

Меркель

Еуропа канцлері, мигранттар мен коронавирус пандемиясы

Меркель канцлер болған уақытта Еуроодақтың сақталуы үшін көп тер төкті. Тіпті әлемдік дағдарыс пен қиын кезеңдерде Еуропа бірлігінің ажырауына жол бермеген. Мәселен, 2010 жылы дағдарыс кезінде банкрот алдында тұрған Грекия, Португалия және Ирландия секілді елдерге Германия тарапынан материалдық көмек көрсеткен. "Еуро құлдыраса, Еуропа да құлайды" деген Меркель үнемдеуге қатысты қатаң шешімдер қабылдайды. Канцлер қабылдаған шаралардан кейін ел ішінде бірнеше митингтер өтті. Бірақ Еуроодақ дағдарыстан аман-есен өте алды. 

2015 жылы Еуропаға мигранттар көптеп келе бастады. Жаз кезінде Меркель мигранттарды Германия аумағына кіргізу туралы шешім шығарады. Бір жылда ел аумағына миллионнан астам босқындар кірген. Бұл оқиғадан кейін Меркель TIME Magazine нұсқасы бойынша "Жыл адамы" номинациясын жеңіп алады. 

2020 жылы басталған коронавирус пандемиясы уақытында Германия біршама жетістіктерге жетті. Өзге еуропалық елдермен салыстырғанда ауру жұқтырғандар мен көз жұмғандар саны аз. Сонымен қатар Франция президенті Эммануэль Макронмен бірлесе отырып 750 миллиард еуродан тұратын қор құрды. Ол вирустан зардап шеккен елдерге көмектесуге бағытталған. 

МеркельАнгела Меркель және Қазақстан

Меркель өз билігі уақытында Қазақстанға бірнеше рет келген және сапарын "Тарихи" деп те бағалаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, құны екі миллиард еуродан асатын инвестициялық келісімшарт жасаған. Әрі Меркель Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі серіктесі деп атады. 

2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен Ангела Меркель екі ел арасында экономикалық және саяси қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға тырысты. Бұдан бөлек су қоры, Қытай және Ресеймен байланыс, адам құқығы жөніндегі мәселелерді талқылаған.

Меркель

Меркель – футбол жанкүйері

Германияның бұрынғы канцлері – футбол жанкүйері. Оның айтуынша, футбол саясаттағы сұрақтарды шешуге көмектеседі. Ол түрлі футбол жарыстарында бой көрсеткен. Тіпті Коттбустық "Энерги" командасы фан-клубының құрметті мүшесі болған. 

Меркельдің арғы аталары поляк ұлтынан болған. Оның негізгі тегі – Каснер, поляктың Казмерчак сөзінен шыққан. 

Меркель көп кездесулерде бас бармақтарын қосып ұстайды. Мұны "Меркель ромбасы" деп те атап кеткен. Оның сөзінше, суретке түсер кезде қолын қалай қоярын білмегендіктен осылай жасайды екен. 

2021 жылы Ресейдің Верхний Карбуш ауылының тұрғындары Меркельден жол жасап беруін сұраған. Себебі ауыл халқының басым бөлігі ресейлік немістер болған. 

Үкімет басшысы болса да Ангела Меркель қарапайым өмір салтын ұстанады. Оның иелігінде тек қала сыртындағы шағын үй мен қаладағы пәтері ғана бар. Саясаткердің жұмыс кабинеті де қарапайым болған.

Әлемді қарапайымдылығымен таңғалдырған канцлер

Жұртты саясаткердің "коронавирустың қиын кезеңінде" дүкенге өзі келгені таңғалдырған. Оның арбасында душқа арналған гель, дәретхана қағазы және төрт бөтелке шарап бар болған. Ол әдеттегідей шалбар мен кастюм киген. 

Сондай-ақ, Меркельдің Берлиндегі hit Ullrich базарына үнемі барып тұратыны белгілі. Ол жерде оған күзетші немесе басқа адамдардың ілесіп жүргенін ешкім байқамаған. 

"Мен шынымен өзімді не қызықтыратынын түсіну үшін осы үзілісті қолданамын. Соңғы 16 жылда менде уақыт аз болды. Ұйықтар алдында бірдеңелер оқитын боламын. Алда не істейтінімді көреміз", - деді Меркель.

Меркель, ешкімге құпия емес, Берлиннің орталығындағы қарапайым, күзеті бар үйде тұрады. Арасында олармен бірге супермаркетке барып тұрады. 

Меркель

"Әрдайым демократияны нығайтуға тырысамын"

Ангела Меркелдің ел есінде қалған сөздері: 

  1. “Путиннің шынайы өмірмен байланысы бар-жоғына сенімсізбін. Ол басқа әлемде өмір сүреді”.
  2.  “Еуропа біздің мүмкіндігіміз және оны қорғауымыз керек”.
  3. “Мен спортта жетістікке жетпедім, есесіне тілім өткір. Ел арасында болған ұнайтын. Іс-шараларды ұйымдастыру, мерекелерге дайындалуды жақсы көремін”.
  4. “Ресей джунгли заңымен әрекет етеді”.
  5. “Үкімет партиялары мәселелерді шешу үшін өмір сүреді”.
  6. “Біз террористермен келіссөз жүргізе алмаймыз”.
  7. Мен әрдайым Германияда және оның аумағынан тыс жерде демократияны нығайтуға тырысамын”.
  8. “Германия өзгермейді деп айту – қисынсыз пікір”.
  9. “Өмірін саясатқа арнаған ақша табуды мақсат етпейді”.
Талқылау