AAPL
137.35 $
-2.46 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
AAPL
137.35 $
-2.46 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аңғалдығымды пайдаланып, үйімді тартып алды": Ақмола облысында көп балалы ана алаяқтардың құрбаны болған

Ақмола облысы Талапкер ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлшат Баядилова алаяқтардың алдауына түсіп қалған. Айтуынша, пайызға қарыз ақша аламын деп басы бәлеге іліккен. Осылайша көп балалы ана үйінен айырылған. Қазір әділдік іздеп шырылдаған Гүлшат Баядилова істің ақ-қарасы анықталса екен дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

көп балалы ана

Талапкер ауылының тұрғыны Гүлшат Баяділова тігіншілікпен айналысады. Көпбалалы ана үшін бұл – жалғыз табыс көзі.  Тірлігін өркендету мақсатында тігін машинасын алмақшы болады. Бар бәле сол кезде басталыпты. 

"Интернетті қарап отырдым да пайызға ақша береміз деген бір жерді таптым. Соған жай хабарласа салдым, Зарина деген қыз алды. Пайызға ақша керек екенін, ай сайын төлеп тұрғанға 500 мың теңге қажет екенін айттым. Содан Зарина деген әйел менің нөмірімді Жанна деген әйелге берген. Кейін Жанна деген әйел хабарласып, үйдің мекенжайын сұрап алды. Содан өзі үйге келді", – дейді көпбалалы ана Гүлшат Баяділова.  

Гүлшаттың айтуынша, ол әйел біреуден ақша алып беретін болады. Бір шартпен, яғни үйді кепілге қою керек дейді. Нотариуске барып қарызды рәсімдейді. Ақшаны өтеген соң үйді қайтаруға сөз байласады. Бірақ қарыз беруші ақшаны мерзімінен бұрын өтеуді талап етеді. Арадағы делдалдар тағы бір қарыз беретін адамды дайындап қойған көрінеді. Ал Гүлшат үйінің басқа біреудің атына аударылып жатқанын мүлдем білмеген екен.   

"Жұматаева Сандуғаш менің телефонымды алып алды. Ішке кіргеннен кейін артық сұрақ қоймаңыз, қазір нотариус келіспей қалады деп айтты. Біз айтқан сұраққа басыңызды иіп отыра беріңіз деді. Жанымда Жұматаева Сандуғаш тұрды. "Бұл орысша ғой, аударып бересіз бе?" деп айтқан едім, сол кезде аяғымнан қатты басып қалды Жұматаева Сандуғаш", – деп қосты Гүлшат Баядилова. 

Гүлшат екінші рет қарыз алғанда алаяқтардың бір тиын бермегенін айтады. Арада бір-екі ай өткен соң үй сатып алушылар келе бастапты. Баспанасынан айрылғанын сол кезде ғана білген екен.

Бұл іске қатысты бірнеше рет сот болған. Бірақ оған Гүлшат бірде-бір рет қатыспаған. Заң бойынша үйдің қазіргі иесі – басқа адам. Айдың-күннің аманында жалғыз баспанасынан айрылып қалған Гүлшат әділдік іздеп, шырылдап жүр. Ал қарыз берген жандар хабарсыз кеткен. Үйдің қазіргі иесі болған жайт туралы қысқа қайырып, соттың өтіп кеткенін және сотта өзінің жеңгенін мәлімдеген. 

Ал Ішкі істер министрлігіндегілер аталған істің мән-жайы жария етілмейтінін айтқан.

"Қазір сіздің өтінішіңізде аталған адамның арызына қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы бойынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуі тиіс. Олар егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiледі", – дейді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Білікті заңгер Жандос Тұяқов жәбірленуші сотқа міндетті түрде қатысуы керек дейді. Айтуынша, бұл жағдайда арызданушы тиісті мекемелерге хабарласып, процестің өту барысын пысықтауы қажет. Ал пайызға ақша беру заңнамаға сай жеке тұлғаларға рұқсат етілмеген. 

"Сот оның алаяқ екенін нақты дәлелдеп, яғни нақты үкім шығып, заңды күшіне енген жағдайда, пәтерді қайтарып алу ешқандай қиындық тудырмайды. Көп жағдайда сотқа жетпей жатады мұндай істер", – дейді Жандос Тұяқов. 

Маман іс сотқа жетіп, жәбірленуші жеңген жағдайда пәтердің қайтарылуы мүмкін екенін мәлімдеді. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр