Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анашым" деген сөзге зармын": Ақтөбеде жалғыз ұлынан айырылған ана президенттен көмек сұрады

Ақтөбеде жалғыз ұлынан айырылған ана президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды. Үш жыл бұрын базарда қарбыз сатып тұрған жерінен ұшты-күйлі жоғалып, артынан қала сыртынан мәйіті табылған марқұмның туыстары әлі күнге күдіктілерді таппай отырған полицейлер мен прокурорлардың әрекетіне наразы. Сөздерінше, құзырлы орындар ұлын базардан алып кеткен қымбат көлік табылғанымен, осы күнге дейін оның ішіндегі адамдары жоқ дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Етегі жасқа толып, еңіреген ана жалғыз ұлын өлтіріп, айдалаға көміп кеткендердің әлі күнге ұсталмай, тайраңдап жүргеніне қиналады. Айтуынша, базарда қарбыз сатып тұрған жерінен ұлын көлікке мінгізіп алып кеткен күдіктілерді полицейлер үш жылдан бері таба алмапты.

Райхан Есенаманова ашылмаса да, үш жыл бойы тергеліп жатқан қылмыстық іске ішкі істер министрлігіне дейін араласқанын, алайда ол жақтан да ешқандай өзгеріс пен көмектің болмағанын айтады.

"Қылмысты істеген адам жәй адам емес. Жәй адамның қолынан келмейді. Жәй адам мұндай машина мінбейді. Менің ойым, неге бұл машина тексерілмейді? Бұл машинаның қожайынын неге тексермейді? Мен міне үш жылдан бері "анашым" деген сөзге зар болып келе жатырмын. Екі немерем әкесіз қалды. Әйелі жарсыз қалды. Мен баласыз қалдым. Үш жылдан бері бармаған жерім, баспаған тауым қалған жоқ", - деді марқұмның анасы Райхан Есенаманова.

Ал полиция департаменті күдіктілер табылмаған соң қылмыстық істі тоқтатып қойған. Үш жылға созылған істі ашуға қазір ішкі істер министрлігінің орталық аппаратынан құрылған жедел тергеу тобы айналысып жатыр екен.

"Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінші тергеу мерзімдері үзілді. Алайда аса ауыр қылмысты ашуға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізілуде. Қылмыстық іс Ақтөбе облысы ПД бастығының, ҚР ІІМ басшылығының және Ақтөбе облысы прокуратурасының бақылауында", - деді Ақтөбе облыстық ПД бастығының орынбасары Самат Аисов.

Райхан Есенаманова Ақтөбеге келген заңгер Айман Омарова арқылы президентке хат жазып жібергенін айтады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш жыл бойы қылмыстық істі ашуға әрекетсіз отырған полицейлер мен прокуратураға тапсырма беріп, мәселені өз бақылауына алғанын қалайды. Жалғызынан айырылған ана "ұлымды аяусыз өлтіргенді ұсталмайынша жаным тыныш таппайды" деп отыр.

Талқылау