Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аналық мейірімімді бере алмай қалдым": Тамара Асар өгей ұлына қатысты өкінішін айтты

Тамара Асар мен өгей ұлы
Фото: Видеодан скриншот / Instagram.com/madi_ihtilyapov

Қазақстанның халық әртісі Тамара Асар Azamat Live бағдарламасына берген сұхбатында өгей ұлына қатысты көңілінде қалған өкінішін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сұхбат барысында жүргізуші әншіден өмірінде өкінетін дүниесі бар-жоғын сұрады. Тамара Асар өмірінде өзін қатты мазалайтын өкініш көп болмаса да, былтыр өгей ұлынан айырылғаннан кейін бір ойдың жанын ауыртқанын айтты.

“Өкініш деген – қызық нәрсе. Ол бар сияқты болып көрінеді де, жоқ болып кетеді. Жалпы алғанда күрделі өкінішім жоқ. Тек былтыр ана баланы жоғалтып алған кезде қатты өкіндім. “Аналық мейірімімді бере алмай қалдым-ау” деп ойладым”, – деді өнер иесі.

Әншінің сөзінше, мінезі қаталдау болғандықтан, ұл балаларын көп еркелетпеген. Баласына деген махаббатын сөзбен айтып, қамқорлық танытқанымен, мейірімін еркелету арқылы білдіруге дағдыланбағанын жасырмады.

“Жалпы мен ұлды еркелетпейтінмін, мінезім қаттылау еді. Ұлға қаттымын, өз баламды еркелетпейтін адаммын. Жақсы көретінімді айтамын, қамқорлығымды жасаймын, бірақ “тө-тө-тө” деген еркелікті ешқашан жасап көрмеппін, әлі де жасамаймын. Соны менен көре алмады-ау деп өкіндім”, – деді Тамара Асар.

Өнер иесі дәл осы жағдайдан кейін өгей ұлына аналық мейірімін көбірек көрсете алмағаны көңілінде өкініш болып қалғанын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Тамара Асар депутаттыққа не үшін барғысы келетінін түсіндіргені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 17 Тамыз, 2026 17:15