Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алтын Орда" базарының мәселелері қалай шешіледі - Алматы облысының әкімі жауап берді

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев "Алтын Орда" базарындағы мәселелерді қалай шешетінін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бозымбаевтың айтуынша, базар қызметінің төңірегінде жинақталған проблемаларды шешу мақсатында барлық бағыттар бойынша жұмыс жүргізіледі. Яғни құрылыс, санитарлық және салықтық бақылау бойынша бәрі қаралады.

Сондай-ақ, базар қызметін жеңілдету және ашықтығын қамтамасыз ету үшін Іле ауданында А+ класты автоматтандырылған логистикалық хаб салу жоспарлануда. 

"Логистикалық хабтың аумағы 200 мың шаршы метрді құрайды. Ол Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың біріне айналады. Ол үшін 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартамыз, 1500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады", – деді Алматы облысының әкімі.

Қазіргі таңда Бозымбаев осы жобаны іске асыратын Ariba FF ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Киммен меморандумға қол қойған. 

Айта кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Алтын Орда” базарын ретке келтіруді тапсырған болатын. 

“Бір түйіткілді мәселені атап өтейін. Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион тұрғыны бар Алматы мен оның төңірегіндегі адамдар көп тауарды "Алтын Орда" базарынан сатып алады. Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен облыстың әкімдеріне үкіметпен бірлесіп, базарда тәртіп орнатуға тапсырма берді. Бұл жер пайдакүнемдер үшін майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл басқа өңірлерге де қатысты. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары да атсалыссын. Екі ай уақыт беремін”, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Талқылау