Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мемлекет мұқтажы үшін алынатын жерлердің жаңа тізімі шықты

Алматы
Фото: Stan.kz

Алматыда мемлекет мұқтажы үшін 70-тен астам жер телімі мәжбүрлі түрде алынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

29 шілдеде Алматы қаласының әкімі жер учаскелерін мәжбүрлі түрде иеліктен шығару рәсімін бастау туралы төрт қаулыға қол қойды. Құжаттар “Вечерний Алматы” газетінде жарияланды.

Медеу ауданында 32 жер телімі алынады

Медеу ауданында көлік-логистикалық торап (көлік ауыстыру хабы) салу үшін Құлжа тас жолы бойындағы 32 жер телімі мемлекет мұқтажы үшін алынады. Олардың қатарында Құлжа тас жолындағы 56, 58, 56/2, 56/3, 56/4, 56/6, 56/8, 56/9, 56/10, 56/11, 56/13–56/18, 58/3, 58/6, 56Б және басқа да мекенжайлар бар.

Түрксіб ауданында мектеп аумағы кеңейтіледі

Түрксіб ауданындағы Нарынқол – Потанин – Ярославская – Герцен көшелерінің аумағында орналасқан №20 мектептің аумағын кеңейту үшін 9 жер телімі иеліктен шығарылады.

Олар:

  • Жангелдин көшесі, 275/13;
  • Ярославская көшесі, 15, 21 және 21А;
  • Нұр Әлем көшесі, 157/19 және 162/17 (екі үлес);
  • Герцен көшесі, 154А;
  • Герцен/Ярославская көшелері, 154А/25 мекенжайларында орналасқан.

Мұзтау шағынауданында аспалы жол станциялары салынады

Медеу ауданындағы Мұзтау шағынауданында аспалы жолдың базалық станцияларын салу үшін үш жер телімі мемлекет мұқтажына алынады. Олар 250, 527 және 531 мекенжайларында орналасқан.

Бұған дейінгі қаулыларға өзгерістер енгізілді

Алатау ауданында Рысқұлов көшесін ұзарту үшін Теректі шағынауданы, Таусамалы көшесі, 21Б мекенжайындағы жер телімі иеліктен шығарылады.

Сонымен қатар Жұбанов көшесін ұзарту мақсатында Қалқаман-2 шағынауданы, Б. Әшімов көшесі, 37А мекенжайындағы жер телімі мемлекетке өтеді.

“Шығыс қақпасы” полицентріне жол салынады

“Шығыс қақпасы” полицентрінде жол құрылысы үшін Қайрат шағынауданындағы 135/29 жер телімі алынады.

Сонымен қатар полицентрге Бұқтырма көшесі арқылы кіреберіс жол ұйымдастыру үшін Қайрат шағынауданы мен Қонаев атындағы өндірістік кооператив аумағындағы 20 жер телімі мемлекет мұқтажына беріледі.

Индустриялық аймақ кеңейеді

Алатау ауданындағы индустриялық аймақты кеңейту мақсатында Алғабас шағынауданы, 7-көше, 142/3 жер телімі иеліктен шығарылады.

Қайрат шағынауданында құрылыс компаниясының жерлері алынады

Оған қоса Алматы әкімдігі Қайрат шағынауданындағы құрылыс салушы компанияға тиесілі үш жер телімін мемлекет меншігіне алады. Бұл аумақта қоғамдық пайдалануға арналған нысандар — саябақтар мен скверлер салу жоспарланған.

Бұл жалпы ауданы 6,7 гектар болатын Atrium Plus ЖШС-не тиесілі 297/14, 297/24 және 297/25 жер телімдеріне қатысты. Компания Алматыда премиум санатындағы төрт тұрғын үй кешенін салған.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі Қайрат шағынауданындағы жекеменшік секторды бұзу жоспарынан бас тартқан еді.

Айта кетеййік, бұған дейін Алматы әкімдігі Орталық саябақтағы жер телімдерін жалға беру шартын бұзғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 31 Шілде, 2026 17:09