Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ашық аспан астындағы ауқымды Open Air "Опера түні" концерті өтеді

Опера түні

25 маусым күні сағат 20:00-де "Опера түні" кешінде театрдың алдындағы алаң сахнаға айналады. Жұлдызды аспан астында, симфониялық оркестрдің, жетекші солистер мен хордың сүйемелдеуімен ауқымды музыкалық панорама өрбиді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көрермендер назарына Карл Орфтың монументалды "О, Фортуна" туындысы мен Чайковскийдің "Пиковая дама" операсындағы драмалық ариялардан бастап, Россинидің Фигаро каватинасы мен Масканьидің "Сельская честь" операсындағы застольная әніне дейінгі бай репертуар ұсынылады. Бағдарламада ұлттық өнеріміздің маржандары — "Біржан мен Сара" операсындағы айтыс сахнасы мен Абайдың жүрекжарды "Айттым сәлем, Қаламқас" әні орын алады. Кештің түйіні ретінде концертке қатысушылардың барлығы бірге орындайтын, жүректерді біріктіретін "Гүл Алматым" әні шырқалады.

26 маусым сағат 21:00 және 22:00-де театрдың тарихи жүрегіндегі музыкалық кеш – ARTE галереясы өткізіледі.

Екінші кеш қонақтарға өнер әлеміне бұдан да тереңірек әрі нәзік бойлауға мүмкіндік береді. Театр өзінің есігін айқара ашып, сәулет өнерінің інжу-маржаны әрі Алматының мәдени өмірінің жүрегі болып табылатын аңызға айналған тарихи ғимаратқа шақырады. Түннің басты оқиғасы —ARTE галереясындағы ауқымды музыкалық бағдарлама болмақ. Бұл кеште әртістер бай вокалдық бағдарлама ұсынады. Түнгі театрдың камерлік әрі эксклюзивті атмосферасында әлемдік және ұлттық классиканың жауһарлары мүлдем жаңаша үнмен қалықтап, ұмытылмас әсерлер симфониясына айналдырады. 

"Опера түні" – бұл театрдың ұлылығы мен эстетикасын ерекше түнгі форматта сезінудің, опера труппасының жоғары шеберлігінен ләззат алудың және тарихи оқиғаның бір бөлшегіне айналудың бірегей мүмкіндігі.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 13:37