Алматыда Әділетхан Молдаханға қатысты сот басталды: Жәбірленушілердің қатарында полиция қызметкері бар

Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты видео жариялаған Әділетхан Молдаханға қатысты сот ісі басталды. Ол көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыпталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Адвокат Асылбек Абдраимовтың айтуынша, бұл іс бойынша жәбірленушілердің қатарында:
- Алматы қаласы Полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев (сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалаған);
- Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев бар.
Екеуінің де полиция полковнигі дәрежесі бар.
“Молдаханның жарияланымдарынан кейін полицейлерге қатысты қызметтік тексеру тағайындалған. Тексерістен кейін олар қызметтерінен шеттетіліп, ІІМ резервіне ауыстырылған”, – дейді Ұзабаевтың мүддесін қорғап отырған Асылбек Абдраимов.
Оның сөзінше, Әділетхан Молдахан Instagram парақшасында жәбірленушілер жалған нөмірлермен және қараңғылатылған әйнекпен жүретін “жастарды” өз қарамағына алғанын айтқан. Салдарынан жол апаты болды деп мәлімдеген. Сондай-ақ ол Әл-Фараби даңғылындағы апат жәбірленушілердің салғырттығы, әрекетсіздігі және жол ережесін бұзатын кейбір тұлғалардың мүддесін қорғағандықтан болды деді. Алайда сараптама бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады", – деді жәбірленуші тараптың адвокаты.
Адвокаттың айтуынша, Ұзабаевтың тарапы блогерден 11 миллион теңге өндіріп алуды талап етіп отыр. Оның 10 миллионы моральдық зиян, 1 миллионы өкілдік шығындар ретінде көрсетілген. Абраимовтың сөзінше, оның қорғауындағы азамат айыпталушымен татуласуға ниеті жоқ.
Екінші жәбірленуші Серік Шумаевтың адвокаты Жандос Палманов та блогерге қарсы 11 миллион теңге көлемінде азаматтық талап-арыз бергенін мәлімдеді.
ОқыңызӘділетхан Молдахан кім?
Әділетхан Молдахан – Instagram желісінде миллионнан астам оқырманы бар блогер. Ол Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты жарияланымдарынан кейін көпшілік назарын аударды. Атап айтқанда, ол апатқа полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Әділетхан Молдахан осы мәлімдемесі үшін биыл 31 наурыз күні ұсталды.
Кейін Алматы қаласының Полиция департаменті Молдаханның бұрын құқық қорғау органдарында жұмыс істегенін, алайда теріс себептермен қызметтен босатылғанын хабарлады. Сондай-ақ 2023 жылы оның тонау фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Қазір блогерге Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша айып тағылып отыр — бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату.
Бұл бап бойынша:
- 3000 АЕК-ке дейін айыппұл салу;
- 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту;
- 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру қарастырылған.
"Егер тараптар татуласпаса, моральдық және материалдық шығынның өтелгенін, балаларының барын, отбасылық жағдайын ескере отырып, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауға қол жеткізуге тырысамыз. Ол қазірдің өзінде екі айдан бері қамауда отыр. Оның отбасы, несиелері, жалға алынған кеңсесі және қызметкерлер алдындағы міндеттемелері бар", – деді Нұртуған Өмірзақ.
Адвокаттың айтуынша, сот бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішті қанағаттандырмаған. Сондықтан Әділетхан Молдахан тергеу изоляторында қала береді.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр