Алматы облысында 17 жастағы қыз жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
Алматы облысында 17 жастағы Ясмина Шертаева жұмбақ жағдайда із-түссіз жоғалып кетті. Оны жақындары екі айдан бері іздеп жатыр. Қыз түнде үйдегілердің бәрі ұйықтап жатқанда ешкімге ескертпестен үйден шығып кеткен. Анасының айтуынша, қызы бұл қадамын алдын ала дайындаған болуы мүмкін. Себебі ол ақша жинап, жаңа телефон сатып алған және байланыс нөмірін ауыстырған. Қазір Ясминаның туыстары полиция мен еріктілерден көмек сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ясмина Шертаеваның анасы Гүлнара екі айға жуық уақыттан бері қызын күтумен жүр. Телефонын қолынан тастамай, қызым қашан қоңырау шалар екен дейді.
Отбасы Долан ауылында тұрады. Ясмина да осы ауылдан түн ішінде, үйдегілердің бәрі ұйықтап жатқан кезде кеткен. Өзімен бірге киім-кешегі салынған сөмкесі мен жинаған ақшасын алып шыққан.
“Кейін қызымның бұрынғы сыныптасына белгісіз нөмірден қоңырау шалғанын білдік. “Жағдайым жақсы” депті. Қандай да бір әйелдермен бірге тұрып жатқанын айтқан. Бірақ нақты қай жерде екенін айтпаған”, – дейді қыздың анасы Гүлнара Шертаева.
Анасының айтуынша, Ясмина 11-сыныпты бітірген. Оқуын аяқтаған соң көршісінің үйінде тігінші болып жұмыс істеген. Кейін қыздың 170 мың теңге жалақы алғаны, сол ақшаға телефон сатып алып, нөмірін ауыстырғаны белгілі болған. Алайда бұл туралы ата-анасына айтпаған.
"Ол маған телефон алғысы келетінін айтқан. Сол кезде бір танысым смартфон сатып жүрген еді. Ясмина сол жерден телефон алды. Жұмысын жақсы істейтін. Киім тіккенді ұнататын. Мен оған сағатына 1000 теңге төлейтінмін. Артық әңгімесі жоқ, тыныш қыз еді", - дейді көршісі Мөлдір Құмархан.
Отбасында алты бала бар. Ясмина – үлкені. Анасы үйде ешқандай жанжал болмағанын айтады. Дегенмен әйел қызының үйден кетуіне көршілерінің оны бір жігітпен таныстырмақ болғаны себеп болуы мүмкін деп топшылайды.
“Ясминаны бір жігітпен таныстырмақ болған. Мұны кейін білдік. Қызымыз оған қарсы болды. Қызым, егер біз сені ренжітіп алсақ, кешірші. Мүмкін, шаршап кеткен шығарсың. Үйге қайтшы, өтінемін”, – деді қыздың анасы.
Ата-анасы полицияға арыз жазған. Қазір Ясминаны құқық қорғау органдары мен еріктілер іздеп жатыр.
“Қыздың сыртқы белгілері мен қажет мәліметтері көрсетілген бағдарлау барлық полиция бөлімшелеріне,басқа да полиция департаменттеріне жіберілді. Іздеу жұмыстарына еріктілер де тартылды”, – делінген полиция жауабында.
Туыстарының айтуынша, Ясмина бұған дейін ешқашан үйден ескертпей кетпеген. Анасы қыздың қайда екенін білетін немесе оны көрген адамдардан полицияға хабарласуды сұрайды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы шатқалдардың бірінде жоғалған 11 жасар бала табылғаны туралы жазған едік.
Қазақстанда үйді міндетті сақтандыру қалай жұмыс істейді: Жылына қанша төлеп, апат болса қанша ақша алуға болады
