Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық танымал дәрігердің өлтірілуі: Денсаулық сақтау министрі пікір білдірді

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Алматыда өлтірілген гастроэнтерологқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Министр Алматы қаласындағы Гастроэнтерология институтында көп жылдар бойы қызмет атқарған дәрігер Юрий Петрович Шумковтың өлтірілгені туралы хабарды естіп барлығы алаңдап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар министр дәрігердің отбасына көңіл айтты.

“Жеке өз атымнан және денсаулық сақтау министрлігі ұжымының атынан қайғылы қазаға ұшыраған дәрігердің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бұл оқиға республиканың денсаулық сақтау саласы үшін жантүршігерлік аса ауыр қайғы болып отыр, бейбіт уақытта дәрігерлерге жауыздық танытқан, өз іс-әрекеттеріне жауап бермейтін адамның қолынан қаза тапты”, – дейді министр.


Доктор Шумковты өлтірді деген күдікті туралы әріптестері: Біз тізімнен ондай науқасты таппадық


Министр дәрігердің көптеген адамның өмірін құтқарғаны туралы айтты.

“Отандық медицина гастроэнтерологияның дамуына зор үлес қосқан, жүздеген пациентті жоғары медициналық білімінің арқасында емдеп, өмірін сақтап қалған аса білікті маманынан айырылды. Үш бала жетім қалған, ал қарт ата-анасы ұлынан айырылған. Қаза тапқан дәрігердің отбасы үшін қайғылы оқиғаның аса ауыр екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес”, – дейді министр.

Министр, оқиғаның шынайы тергелетініне сенім білдірді. Сонымен қатар Ажар Ғиният медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау туралы мәселе көтерді. 

“Біз қылмыстың жан-жақты тергелуіне, сондай-ақ орын алған қайғылы оқиғаға кінәлілерді заңның барлық қатаң талаптары бойынша жазалайды деп сенімдіміз. Әрбір осындай инцидент бүгінде заңнамалық тетіктердің көмегімен медицина қызметкерлерінің құқықтарын сенімді қорғауды қалыптастыру, өз өмірі мен денсаулығы үшін қорықпай қауіпсіз еңбек етуіне кепілдік беретін құқықтық нормаларды қабылдау қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау туралы заң жобасын әзірледі, жақын арада ол Парламенттің қарауына енгізілетін болады”, – дейді Ажар Ғиният. 

Айта кетсек, танымал гастроэнтеролог Юрий Шумковты 4 сәуір күні таңертең Алматыда аңшы мылтығымен атып өлтірді. Күдікті ізін суытпай ұсталды. Полиция оны өлтірген күдіктінің өз пациенті болуы мүмкін деп санайды.

Талқылау