Алматыға облыстан келіп жұмыс істейтіндер карантин уақытында кіргізіледі ме
Карантин кезінде Алматыға облыстан қатынайтын жұмыскерлер қалаға кіргізілмейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді.
«Қазір қала әкімдігі үшін ең басым бағыттардың бірі – жұмыс орындарын сақтап қалу. Көп жұмыс орындарының қызметкерлері облыстан қатынайды. Егер жұмыс берушіде мүмкіндік болса, оларды 1 айға ақылы демалысқа жіберу керек. Егер оған мүмкіндік болмаса, жұмыскерлерге Алматыдан уақытша орын тауып, орналастыру керек. Қазір жатақхана, хостел, қонақ үйлер босап жатыр. Карантин кезінде облыстан қатынайтын қызметкерлерге арнайы рұқсат берілмейді. Жұмыс берушілер қазірден бастап түнгі 24.00 дейін осы мәселені шешуі тиіс», - деді Тұяқбаев
Шенеунік егер сырттан келетіндер кіргізілсе, карантиннің мағынасы жоқ екендігін алға тартты.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Алматыға сырттан қатынайтын тұрғындардың мәселесін шешуді тапсырған еді.