Алматыдағы тағы бір көше қыркүйек айының ортасына дейін жабылады
2024 жылғы 3 маусымнан 15 қыркүйекке дейін Алматыдағы Жетісу ауданы, Бродский көшесінің Казаков көшесінен автобус паркіне дейінгі (Бродский көшесі, 37Г) қиылыс аралығы автокөлік қозғалысы үшін жабылады. Жолдың екі жағында да көлік қозғалысына шектеу қойылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Алматы жылу желілері" ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласында 1980 жылдан бастап пайдаланып келе жатқан ұзындығы 1,5 шақырымнан астам құбырлар ауыстырылады.
"Уақытша шектеулер осы аталған көше сегментінде орналасқан жол қозғалыс бөлігінің астынан өтетін, 1980 жылдан бастап пайдалануға берілген ұзындығы 1502,5 метр құбырларды қайта құрылымдау учаскелерінде жоспарлы жұмыстарды қауіпсіз жүргізу үшін енгізіледі. Бұл құбыр 73 нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды және көрсетілген учаскелерді айналып өту жолдарын алдын-ала қарастыруларыңызды сұралады", – делінген хабарламада.
Еске салайық, 30 тамызға дейін Медеу ауданында Қазыбек би көшесімен (Уәлиханов көшесінен Абдуллин көшесіне дейін) өтетін жол жабылады. Бостандық ауданында Ганди көшесінің бойымен ("Нұрсұлтан Назарбаев Қоры" ЖҚ-дан Батыс Желтоқсан көшесіне дейін) көлік қозғалысы тоқтатылатынын жаздық.