Қызметтестерін құтқарамын деп көз жұмды: Алматыда куәгерлер сарбаздың өліміне қатысты мән-жаймен бөлісті
Алматы облысында мерзімді қызметтің әскери қызметшісі далалық оқу-жаттығу барысында қаза тапты. Оқыс оқиға Жетіген кентіндегі 55/74 әскери бөлімінің оқу орталығында болды. Қатты дауыл тұрып, шатырлар қираған. Марқұммен бірге болған сарбаздар Алмастың өзгелерге көмектесіп жүріп ажал құшқанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап.
Шатырдың темір жақтауы 18 жастағы сарбаздың басына тиген. Салдарынан ол тілге келместен көз жұмды.
“Ұшып кетпеу үшін шатырды ұстап тұрдық. Бірақ жел бізге күш бермей, шатырды көтеріп алып кетті. Бізге Алмас келіп, үшеумізге көмектесіп, бағыт көрсетіп, габионның арасына, ыққа қойып кетті. Өзі басқа солдаттарға кетіп қалды. Бір 10 минут өткеннен кейін мен Алмасты іздеуге кеттім. 10-15 метр алдымызда солдаттың денесі жатыр. Беті жерге қарап жатты. Аунатып қарасам, Алмас екен”, – деді 5571 әскери бөлімінің сарюазы Ақылбек Аманов.
Одан бөлек 14 сарбаз жараланған. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, қызметтік тергеу жүріп жатыр. Әскери заңнамаға сәйкес, қайтыс болған сарбаздың отбасына 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек көрсетіліп, жерлеуге 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы беріледі.
“Жан-жақты тексерміз. Өзіміздің әскери жарғыға сәйкес, әр түрлі жаза бар. Соларға жүгіне отырып, қызметтік тексерісті өткіземіз. Қорытындысын заң жүзінде айтамыз”, – деді Ұлттық Ұлан “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының бірінші орынбасары Бекайдар Қазкеев.