Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы мұғалімнің өлімі: Ұлттық тестілеу орталығы оқиғаның мән-жайын айтты

14 сәуір күні Алматыда біліктілік тестін тапсыру кезінде қайтыс болған мұғалім гипертониялық сырқатына байланысты емханада есепте тұрған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

тест

"Бүгін, 14 сәуірде Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде 1973 жылы туған мұғалім тестілеу кезінде қайтыс болды. Ер адам гипертензиялық (гипертониялық) ауруына байланысты емханада есепте тұрған. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр", – делінген Ұлттық тестілеу орталығының хабарламасында. 

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қаланың білім басқармасының өкілдері марқұмның отбасына көңіл айтты. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі.

"Бұл соңғы 4 жылдағы алғашқы өлім оқиғасы. Тестілеу орталықтарында алғашқы көмек көрсету үшін дәрігерлердің жұмысын бақылау күшейтіледі", – деп қосты олар. 

Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері аттестацияның ерікті сипатта екенін атап өтті.

"Педагогтер жалақыларына тағы қосымша ақы алу үшін тестілеуге жазылып, осы процедурадан өтеді. Осылайша расталған біліктілік санатына байланысты қосымша ақы төленеді", –  деді ҰТО баспасөз қызметіндегілер. 

Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері "егер тест тапсырушы өзін нашар сезінсе, тестілеу күнін өзгерту мүмкіндігі берілетінін" айтты.

Бұған дейін біліктілік тестін қапсыру кезінде ер адамның қайтыс болғанын жазған едік. Куәгерлердің айтуынша, оған алғашқы көмек көрсету мүмкін болмаған.

Талқылау