Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда саяси белсенді Жанболат Мамай екі ай мерзімге қамауға алынды

Саяси белсенді Жанболат Мамай қылмыстық істі тергеу аясында Алматыда екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Дүйсенбі күнгі отырыстың қорытындысы бойынша Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Жанболат Мамайды екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді”, – деп хабарлады Алматы қалалық соты. 

Айта кетсек, белсендінің үстінен "Полицияны қорлады, жалған мәлімет таратты" деген айыптар тағылып, қылмыстық іс қозғалған.

Белсендіні қолдау үшін Алматы қаласы полиция департаментіне барған оның жақтастары Жанболат Мамайды босатпаса, аштық жариялайтындарын мәлім еткен.

Қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алу митингіне қатысқаны үшін бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деген айыппен 15 тәулік қамауда болған белсенді әкімшілік жаза мерзімі аяқталар шақта тағы 48 сағатқа қамауға алынған. 12 наурызда қамаудан босатылуы керек еді, алайда босатылмады. 

Ол 12 наурыз күні абақтыдан жазған хатында қылмысқа бармағанын айтқан.

"Қадірлі ағайын! Мені саяси себептермен, саяси қудалаудың нәтижесінде қамауға алды. Полицияны қорлады, жалған мәлімет таратты деп. Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Өз кінәмді мойындамаймын. Біздің жолымыз ақ, адал. Қолдау көрсеткен барша ағайынға алғыс айтамын. Халықаралық ұйымдар қолдау көрсетуі керек деп санаймын. Бірге жеңеміз!" делінген хатта.

Талқылау