Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда полиция автокөліктердің шу шығару деңгейін тексермейтін болды

Алматы полициясы автокөліктердің шу деңгейін тексермейтін болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы қалалық прокуратура мәлім етті. 

Қадағалау органы қатты дыбыс шығаратын көліктерді негізсіз тексеруге қатысты полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне жүргізушілердің шағымдарын қарағанын айтты.

"Өтініштер мен бейне материалдардан шығатыны, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүйенің дыбыс көлемін өлшеу үшін расталмаған құралдарды қолданған. Талдау көрсеткендей, бұл әрекеттер "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 802-бабына және Кедендік техникалық регламентке қайшы келеді. Прокуратураның ұсынысы бойынша Алматы полиция департаменті сертификатталған өлшеу құралдарын сатып алу мәселесі шешілгенше көлік құралдарын тексеруді тоқтатты", – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде қолданушылар шу шығаратын көліктерді тексеруге келіспеушіліктерін білдірді. Олар дыбысты өлшеу үшін қарапайым смартфон қолданылғанына наразы. Автокөлік жүргізушілері мұндай мақсаттар үшін мемлекеттік органдар куәландырған арнайы өлшеу құралдарын қолдану керектігін айтты.

Талқылау