Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда лай көшкіні болған аудан тұрғындары үйін сатып кетуге дайын

Алматыдағы лай көшкіні болған аудан тұрғындары үйін сатып кетуге дайын отыр. Өйткені таудың басына зәулім үй салып, бассейнінен су ағызатын көршілерден төмен жақта тұратындарға қауіп төніп тұр дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Фото видеодан алынды

Тұрғындар қар суы қосылса, тірідей көміліп қаламыз ба деп қорқады. Ал төтенше жағдайлар департаменті, "Қазселденқорғау" мекемесі мен әкімдік өкілдері оқыс оқиға болған аумақта тексеріс жүргізіп, "қауіп жоқ" деген шешімге келген.

Галина Сотникова "Тау Самалы" шағынауданында 20 жылдан бері тұрады. Осы уақытқа дейін бірде-бір туысы мен немересін үйіне шақырмапты. "Себебі тұратын жерім қауіпті" дейді келіншек.

"Мен үнемі үрей үстінде жүремін. Төбемізді мына үйлер басып қала ма деп қорқамын. Барлығында бассейн бар. Жазғы уақытта суды ағызып қояды. Сел болмаса екен, топан су баспаса екен деп отырамыз. Немерелерімді мұнда жолатпаймын. Баспанамды сатпақ та болдым, ешкім алмады”, – дейді Галина Сотникова.

Төтенше жағдайдан кейін бұл ауданның тұрғындарынан маза қашқан. Үйі таудың етегінде орналасқан олар тағы көшкін болса, үйінді астында қаламыз ба деп қорқады.

Тұрғындардың айтуынша, ауданда 100-ден аса үй бар. Тау жотасында орналасқандықтан көбінің қабырғасы үгітіліп, тастары төменге сырғып түсіп жатыр екен.

"Әрине, мына жер – тау. Қауіпті, өте қауіпті. Өйткені саяжайлар бар ғой, суды ашып қояды. Сол су ана жерге жиналады. Қорқынышты. Кеше қорықтық қой, қатты қорықтық. Мына жерде бір қыз үйін сатып кетті. Басқасын білмеймін. Керісінше қаладан келді десе, енді осы жақтан қашатын болды”, – дейді Роза Оразымбетова.

Ал аудан әкімі бұл аймаққа жаңа құрылыс жобасы бойынша үй салуға болмайтынын әрі коммуналдық жүйелер стандартқа сай емес екенін айтты.

"Жақында қалада егжей-тегжейлі жоспар қабылданып, оған болашақта құрылыс салуға болмайтын жасыл аймақтар да енгізілген. Көшкін болған аумақ осындай аймақта орналасқан”, – дейді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.

Мұндағы секторлардың көбі стандартқа сәйкес емес. Оның ішінде су құбырымен қатар кәріз желілері бар. Көбі таулы жерде тұратындарына қарамастан, жекеменшік септик пайдаланады.

Жалпы Алматының кей жерінде бейберекет жүріп жатқан құрылыс жайы сенат депутаттарын да толғандырып отыр. Закиржан Кузиев құрылыс кодексін қайта қарауды ұсынды. Қауіпті саналатын аймақтарда сақтық шараларын сақтаған жөн дейді.

"Қауіп әлі де бар. Президент кеше ғана осы туралы айтты. Мегаполистің қауіпсіздігі қыл үстінде тұрғанына көзіміз жеткендей. Құрылысы жүріп жатқан нысандарда да, құрылысы басталмаған нысандарда да нормалар сақталмауы мүмкін. Біз бұған дейін бірнеше рет депутаттық сауалдар жолдадық. Қала құрылысы туралы жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр, жұмыс істеліп жатыр деген жауапты естумен болдық. Енді жаңа үкімет осыны қолға алады деп ойлаймыз”, – дейді Закиржан Кузиев.

Арнайы комиссия "қауіп жоқ" десе де, бұл тау бөктерінде тұратын тұрғындардың қорқынышын сейілте қоймады. Жұрт ең болмағанда құтқарушылар бүгінгідей лай көшкіні туралы алдын-ала ескертсе дейді.

Талқылау