Алматыда Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергеннің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталды
Алматыдағы тергеу изоляторында 14 қыркүйекте Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталған Арман Жұмагелдиев пен экс-депутат Қайрат Құдайбергеннің ісіне қатысты алдын ала тыңдалым басталды. Сот тыңдалымы ашық режимде өтіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайберген
Сот алдында "Дикий Арман" лақапатымен белгілі Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құбайбергеннен басқа 40-тан аса адам жауап береді. Тыңдалым ашық режимде өткенімен, Арман Жұмагелдиев, ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов, Талғат Мақатов пен Бекзат Үсенов ҰҚК департаментінің тергеу изоляторынан онлайн режимінде қосылды. Істі қарап жатқан судья Асхат Әшірбековтің айтуынша, мұндай шешім қабылдауға прокурорлардың ұсынысы себеп болған.
"13 қыркүйекте Алматы прокуратурасынан алдын ала тыңдалым мен негізгі сот отырысын сотталушы Ысқақов, Жұмагелдиев, Үсенов пен Мақатовқа қатысты бейнебайланыс негізінде өткізу туралы өтініш түсті. Себебі оларды ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №72 мекемесіне алып келу қылмыстық процесс қатысушылары үшін қауіпті болуы мүмкін. Әрі сотталушылардың өздеріне де. Сондай-ақ қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Осыған ұқсас хат Алматы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен де келіп түсті", – деді судья.
Ал өзге айыпталушылар алдын ала тыңдалымға сот залында қатысты. Таңғы 10:00-ге жоспарланған отырыс тек 11:00-де басталды. Ал залға айыпталушылардың өкілдері мен жақындары ғана кіргізілді. БАҚ өкілдері тыңдалымды арнайы дайындалған баспасөз залынан ғана бақылай алды.
Сот тыңдалымы
Алдын ала тыңдалым кезінде сотталушылар дауыстың дұрыс естілмейтініне шағымданды. Техникалық ақауды жою үшін судья Әшірбеков жарты сағаттық үзіліс жариялаған. Тыңдалымның негізгі бөлігі сотталушылардың жеке басын нақтылаған соң, тек 15:00-де басталды.
Отырыста сотталушылар судьяға арыздары мен өтініштерін жеткізді. Оның ішінде Арман Жұмагелдиев соттың әділ өтуін талап етсе, Талғат Мақатов техникалық ақауларды жоюды сұрады.
Соттағы адвокаттар дауы
Сот тыңдалымы барысында сотталушы Бердімұрат-Бердах Бекетов жәбірленуші тараптың адвокаты Гүлнәр Жуаспаеваны сұхбаттарының бірінде "кінәсіздік презумпциясын бұзып, "Дикий Арманның қылмыстық тобының мүшесі" деп атағанын мәлімдеді. Сондықтан судьядан адвокат Жуаспаеваны сот отырыстарынан шеттетуді сұраған. Бекетовтің бұл шағымын өзге сотталушылар мен олардың адвокаттары мақұлдады.
Бірақ судья Әшірбеков адвокатты соттан шеттету үшін ешқандай негіз жоқ екенін айтып, Бекетовтің шағымын кері қайтарды.
Гүлнәр Жуаспаева судьяға арыз жолдаған Бердімұрат-Бердах Бекетов "шоу жасағысы келгенін" айтады.
"Сотталушының да қызығушылықтарын қорғайтын білікті адвокат бар. Бірақ адвокат оған (Бекетовке) заң бойынша адвокатты сот отырысынан шеттету туралы шағым жолдауға болмайтынын түсіндірмеген", – деп мәлімдеді Гүлнәр Жуаспаева.
Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген жәбірленуші тараптың адвокаты Айнара Айдарханова мұны "сотқа қатысушылардың аузына қақпақ болуға тырысу" деп бағалады.
"Қазір сотта болып жатқан жағдай мүлде миға қонбайды. Оның үстіне аталған сотталушы менің де тегімді біліп алған. Судья да өмір қауіпсіздігі туралы айтады. Мен 15 жәбірленушінің адвокатымын, оның ішінде 8 жәбірленушінің деректері құпия болады. Өйткені олардың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Жалпы Қаңтар оқиғасы кезінде қонақ үйде азапталған азаматтар өз өмірлері үшін және отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі үшін қорқады. Сондықтан олар жеке мәліметтерінің құпия болып қалуын сұраған", – деді адвокат.
Сот залынан кадрлар
Бұдан бөлек Дикий Арман мен оның адвокаты Виктор Кривоносов сот тыңдалымы кезінде болған бірнеше заң бұзушылықтың орын алғанын алға тартып, судья мен прокурорларды бұл істен шеттетуді талап етті.
Кривоносов өз сөзінде отырысқа онлайн қосылғандықтан сот залында айтылған мәліметтер мен судьяның дауысын дұрыс ести алмағанын жеткізді. Сондай-ақ Жұмагелдиев отырған бөлмедегі темір тор жаңадан сырланғандықтан, бояудың иісі де денсаулыққа кері әсер еткенін жеткізді.
Жұмагелдиев пен адвокатының шағымынан кейін сот отырысына судья Әшірбековке қатысты шешім шығару үшін судья Мартпек Кәкімжанов шақырылды. Жарты сағатқа жуық үзілістен кейін сот залына қайта оралған Кәкімжанов судья Асхат Әшірбековті тыңдалымнан шеттетуге негіз жоқ екенін мәлімдеді. Осылайша адвокат Кривоносов пен Жұмагелдиевтің шағымын қанағаттандырмады.
"Сотталушылар келтірген дәйектемелер Қылмыстық-процестік кодекстің 87-бабына сәйкес келмейтіндіктен, Әшірбековке қарсы шағым қанағаттандырылмайды", – деді судья Кәкімжанов.
Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымының жалғасы 15 қыркүйекке тағайындалды.
Еске салайық, Арман Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасына қатысты 2022 жылдың 7 қаңтарында ұсталған еді. Тергеу мәліметінше Қаңтар оқиғасы кезінде Жұмагелдиевтің бұйрығымен 24 адамды ұрлап, Ritz-Carlton мен "Қазақстан" қонақ үйінің жертөлесінде ұрып-соққан. Салдарынан Ербол Өтепбаев есімді азамат көз жұмған. Бұдан басқа Арман Жұмагелдиевке "Заңсыз қару сақтау", "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" баптары бойынша айыптар тағылған.
Ал Алматы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және тәртіпсіздікке" қатысты деген күдікпен ұсталған. Тергеу мәліметіне сүйенсек, Құдайберген Жұмагелдиевпен бірге "Қазақстан" қонақ үйінде жиын өткізген. Сондай-ақ Дикий Арманның маңында топтасып, билікке бірыңғай талаптарды жеткізуді ұсынған.