Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда коммуналдық мекемеге қарызы барлардың пәтеріндегі ыстық су өшіріледі

Алматыда коммуналдық кәсіпорындар абоненттердің жылу энергиясы үшін қарызын сот арқылы өндіріп, берешегі толық өтелгенше олардың ыстық суын өшірмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Алматы жылу желілері

"Алматы жылу желілері" мәліметінше,  қазір ыстық су мен жылудың қарызы 2,1 миллиард теңгеге жеткен. Кәсіпорын қызметкерлерінен құралған комиссия рейдтік іс-шара кезінде ыстық суды өшіреді.

"Енді күн сайын "Алматы жылу жүйесіне" қарыз бірнеше ондаған борышкер ыстық судан қағылады. Айта кететін нәрсе, екі және одан да көп ай бойы төленбесе, тұтынушы борышкер санатына еніп, қарызды өтеу туралы хабарлама алады. Егер борышкер сонда да қарызын жаппаса, шара қолданылып, пәтеріндегі не үйіндегі ыстық суы өшіріледі", - делінген хабарламада.

Компания борышкерлерге ыстық су беруді шектеу мәжбүрлі шара екенін баса айтты. Кәсіпорын мұндай шараға баруға мәжбүр, өйткені тұтынушылардың жылумен жабдықтау қызметтерін төлемеуі алдағы жылыту маусымына толық дайындық пен тиісті түрде өтуді қамтамасыз етуге кері әсерін тигізеді. 

2024 жылдың басынан бері Алматыда төленбеген жылу үшін 1610 абонент өшірілген. Бүгінге дейін компанияға жылу мен ыстық су үшін төлем жасамаған 1212 тұтынушының активі бұғатталды, 355 банк шотына шектеу қойылып, төлемдерін уақытында төлемеген 165 азаматқа Қазақстаннан шығуға тыйым салынды.

"Алматы жылу желілері" ЖШС соттың талап-арыздарын қанағаттандыру арқылы тұтынылған жылу үшін берешекті өндіріп алу бойынша төлемді орындамаған адамның жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне, көлік құралдарына, банктік шоттарына шектеу қоюды, республикадан тысқары жерлерге шығуға шектеу енгізуді, лицензияның қолданылуын тоқтата тұруды, барлық қызмет түрлері және мемлекеттік органдардан тіркеу құжаттарын алуды шектеуді көздейтінін жеткізді. 

Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес, коммуналдық қызметтер бойынша берешектердің болуы (борышкерлер туралы ақпарат мемлекеттік несие бюросының сұрауы бойынша беріледі) несие беру кезінде де ескеріледі.

Мұндай шаралар тек қана қасақана төлемегендерге қолданылады. Ыстық судан ажырату және сот ісін жүргізу алдында компания өкілдері оларға қордаланған қарыз туралы хабарлауы, басқа да бірқатар алдын алу шараларын жүргізуі қажет. 

Қарызды өндіріп алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Сондықтан "Алматы жылу желілері" ЖШС азаматтарды қарыздарын тез арада өтеуге және коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеуге жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Талқылау