Алматыда белсенді феминистік ұйымдардың марш өткізуіне қарсылық танытып пикетке шықты
Бүгін, 28 ақпанда Алматыда қоғам белсендісі Бағила Балтабаева әйелдер маршының өтуіне қарсылық танытып, жалғыз кісілік пикет өткізді. Ол еліміздің басты қалаларында ұйымдастырылатын митингілер мен шерулерде феминистік ұйымдар дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттайтынын айтады. Әкімдік рұқсат еткен шара қаланың орталығында адамдар көп өтетін алаңда өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Бағила Балтабаева бұған дейін де ЛГБТ мен феминистік ұйымдардың ұйымдастыруымен өтетін шерулерге қарсылық танытқан. Мәселен, 2022 жылы да “Болашаққа балта шабар ұйымдарға жол жоқ” тақырыбында митинг өткізген. Бір айта кетерлігі ол кезде де әкімдік шеру жасауға рұқсат берген.
Бұған дейін Алматыда бірнеше белсенді әйелдер маршы мен 8 наурызда өтетін митингіні қолдау мақсатымен пикет өткізген. Олар пикетке шығатыны туралы eOtinish порталы арқылы жергілікті билікке хабарлағанын айтқан.
Әйелдер құқығын қорғаумен шұғылданатын әртүрлі топ 8 наурыз – әйелдердің халықаралық мерекесі күні "Қазақстан әйелдерінің қауіпсіздігі мен еркіндігі" деген тақырыпта әйелдер митингісі мен маршын өткізуді сұрап келеді. Фем-белсенділер Алматы әкімдігіне бірнеше рет хабар берген. Алайда әкімдік әлі де болса келісім бермеген.
Бүгін өткен пикетін Алматыдағы арбатта өткізген Бағила Балтабаеваның айтуынша, феминистік қозғалыстардың қатысушылары әйелдердің құқықтарын қорғайтын кейіп танытып, дәстүрлі емес жыныстық қатынас туралы үгіт-насихат тарату әрекеттерін жүргізеді. Ондай ұйымдар жастар арасында қате пікір қалыптастырып, ой-санасын бұзады, дейді ол.
“Олар әкімдіктен рұқсат алған кезде әйелдердің құқығын қорғаймыз дейді де, іс жүзінде бір жыныстылардың әрекеттерін насихаттайды. Былай қарасақ сырт көзге олар әйелдердің мүддесі мен құқығын қорғап тұрғандай болып көрінеді. Бірақ тақырыптарынан ауытқып, мүлдем бізге жат, қазақ менталитетіне қарама-қайшы келетін дүниелерді ұрандатып жүр. Бұл жағдай жыл сайын үдеп бара жатыр”, – дейді Балтабаева.
Сондай-ақ белсенді Қазақстанда әйел адамның құқығы тапталмайтынына сенімді. Сөзінше, елімізде әйелдің құқығына ешқандай шектеу қойылмаған. “Парламентте де әйел депуттаттар жетерлік. Яғни біздің мемлекетте әр әйел адам кез келген жұмысты істеп, мансап жолын жасап отыр. Оларға ешкім шектеу қойып жатқан жоқ”, – дейді ол.
Арбатта тұрған белсендінің қолындағы плакатқа қызығушылық танытып оқыған адамдар аз болмады. Ал кейбір жастардың ішінде өздерінің феминистерді қолдайтынын айтқандары да табылды.
Елімізде ЛГБТ мүшелерінің үгіт-насихат жүргізуіне заңмен шектеу қойылмағандықтан бұл “азаматтардың құқығына қол сұғушылық емес пе” деген сауалға Балтабаева келіспеушілік білдіреді.
“Өзгенің қаңсығын таңсық санап, оны норма етіп енгізу дұрыс емес. Мың жерден демократиялық мемлекет болсақ та дәл осындай дүниеге қарсымын”, – дейді белсенді.
Сонымен қатар Балтабаева өзінің пикетін 7 наурызға дейін жалғастыратын айтты. Шараны осы уақыт ішінде өткізуіне әкімдік рұқсат беріпті.
Айта кетейік, 15 ақпанда Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуде әкімдік 8 наурызда әйелдер маршын өткізуге рұқсат бермеген шешімін өзгертпейтінін айтқан. Алматы әкімдігі белсенділерге 2021 жылы әйелдер шеруін ұйымдастыруға рұқсат берген еді. Былтырдан бері әкімдік мұндай шерулерге рұқсат бермей келеді.