Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанда әйелдің құқығы тапталмайды": Алматыда феминистерге қарсы митинг өтті

Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов саябағында “Болашаққа балта шабар ұйымдарға жол жоқ” тақырыбында әкімдіктен рұқсат етілген митинг өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 


Әзірге наразылыққа қырық шақты адам жиналған. Олардың қолында “Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді”, “Ұлттық рухты өзіңнен баста!”, “Намысты бол”, “Қазақпен қазақша сөйлес”, “Тәлге құрмет, елге қызмет” деген плакаттар бар. 

Наразылықтың мақсаты – ұрпақ пен ұлттың болашағына балта шабатын ұйымдарға тыйым салу. 

Митингті ұйымдастырушылардың бірі Бағила Балтабаева негізігі тақырып – феминизмге қарсы қозғалатынын айтты. Дәл осы тақырыппен наразылық білдіргісі келгенімен, әкімдіктегілер рұқсат бермепті. 

“Өздеріңіз көріп отырсыздар 2017 жылдан бастап бір жыныстылардың ұйымдары көшеге шығып бастады. Бұл жағдай бес жылдан бері жалғасуда. Олар өздеріңіз көргендей қолдарына қазақ үйдің үстіне жалаңаш әйелдің қанмен дәрет сындырып тұрған суретін көтеріп шығады. Былай қарасақ сырт көзге олар әйелдердің мүддесі мен құқығын қорғап тұрғандай болып көрінеді. Бірақ тақырыптарынан ауытқып, мүлдем бізге жат, қазақ менталитетіне қарама-қайшы келетін дүниелерді ұрандатып жүр. Бұл жағдай жыл сайын үдеп бара жатыр”, – дейді Балтабаева. 

Оның айтуынша, олардың саны жыл сайын көбеюде. Мысалға алатын болсақ, Feminita.kz, FemAgora, FemAstana деген ұйымдар. 

“Феминизм көрінісін біз өзіміздің батыр аналарымыздың іс-әрекетінен, өмірінен көре аламыз. Біз ұлымыздың балта шабар ұйымдарға қарсымыз. Жалпы феминизм дегеніміз – әйелдің құқығы мен мүддесін қорғайтын ұйым. Онысымен келісеміз.Біз оларға мемекеттен кетсін, елімізді босатсын деп жатқан жоқпыз. Не болмаса азаматтығынан айырсын демейміз. Тек жас ұрпақтың санасын улайтын, жасырын және ашық түрдегі үгіт-насихаттары мен жарнамаларын, шеруге шыққанда біздің менталитетімізге теріс келетін әрекеттерін айқара ашып жүруге қарсылығымызды білдіреміз. Заң жүзінде оларға тыйым салуды талап етеміз”, – дейді ол. 

Сондай-ақ белсенді Қазақстанда әйел адамның құқығы тапталмайтынын айтады. 

“Әйел билікке келуі керек деген сөздер айтылып жатыр. Әйелдің құқығына ешқандай шектеу қойылмаған. Кез келген өзінің біліміне тәжірибесіне сенген әйелдер үлкен корпорациялардың президенті болып отыр. Парламентте де әйел депуттаттар жетерлік. Яғни біздің мемлекетте әр әйел адам кез келген жұмысты істеп, мансап жолын жасап отыр. Оларға ешкім шектеу қойып жатқан жоқ”, – дейді Балтабаева. 

Бұнымен қоса наразылыққа феминистерді қорғау мақсатында бір қыз келді. Оның қолында “Феминистердің арқасында жұмыс істеп, дауыс беріп, білім алып жүрсіңдер” деген жазбасы бар. Алайда жиналғандар оның кетуін талап етті. 

“Олар әйел адамның құқығы ер адамның құқығымен тең болғанын қаламайды. Ал мен оған қарсымын. Әйел мен еркектің құқығы тең болуы керек”, – дейді белсенді.   

Бұдан кейін әкімшіліктегілер келіп, оның көтеріп тұрған тақырыбы бүгінгі митинг тақырыбымен сәйкес келмейтінін, бұл заңсыз екенін айтып жиыннан кетуін сұрады. 

Сондай-ақ митингте украиналықтарға қолдау білдіргісі келетіндер де табылды. 

Талқылау