Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлығын қиратып, өртей бастады": Алматы тұрғындары тәртіпсіздіктер кезінде жаралы әскерилерді қалай құтқарғандарын айтып берді

Тәртіпсіздіктер кезінде жаралы әскерилер Алматы әкімдігінің жертөлесінде болған. Ғимаратта өрт басталғандықтан олар өз беттерінше шыға алмаған. Алматы тұрғындары Дамир Аманжолов пен Марат Мусабаев оқиға орнына келіп, әскерилерге көмек көрсеткен. КТК арнасына берген сұхбатында олар адамдарды қалай құтқарғандарын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

алматы тұрғындары

Дамир Аманжолов өзін батыр деп санамайтынын айтады. Оның сөзінше, ол бар болғаны азаматтық парызын өтеп, туған қаласын қорғауға шыққан.

"Барлығы 5 қаңтарда басталды. Маған әкімдік өртеніп жатыр деген ақпарат келіп түсті. Бұрын әскери қызметкер болғандықтан, достарым әкімдікті қорғайтындарын айтты. Біздің басты мақсатымыз әскерилерді іздеп, табу еді. Себебі бұған дейін көрген видеоларда және өз көзімізбен жас жігіттерді 15-20 адамнан жабылып, соққыға жығып жатты. Өте ауыр. Сарбаздар мен құқық қорғау органы қызметкерлері әкімшілікте болған. Бірақ қай жерінде?" – дейді Дамир Аманжолов. 

Оның айтуынша, бүлікшілерден әскерилер төртінші қабатта деген ақпарат естіген. Алайда ол жаққа бару мүмкін болмаған, себебі бірінші және екінші қабат өртеніп жатқан.


Алматылық кәсіпкер өртенген ғимараттардан полицейлерді қалай алып шыққанын көрсетті


"Содан кейін олар жертөледе деген ақпарат жетті. Әкімдік өте үлкен, толығымен өртеніп жатыр. Жертөледегі бөлмені таба алмадық. Мират есімді досыммен ғимаратты айналып шықтық. Осылайша жертөлені таптық, алдына көп адам жиналған. Мират екеуміз олардың арасынан өтіп, барлығын шығардық. Ол жерде оқ та атылды. Кім-кімге атқаны белгісіз. Барлығы 40 адам шықты. Олардың көпшілігі құқық қорғау органының қызметкерлері мен курсанттар еді. Курсанттардың киімін ауыстырып, орман арқылы жібердік", – деп түйіндеді Дамир Аманжолов. 

Дамирдің досы Мират Мұсабаев жас сарбаздарды құтқару үшін резиденцияға барғанын айтады. Осы кезде бүлікшілер қорғаныс шебін бұзып өтіп, ғимаратты өртей бастаған.

"Жас жігіттерді құтқару үшін резиденцияға жүгіріп бардық. Жіті дайындалған. Бүлікшілермен бірге ішке кірдік. Олар барлығын қиратып, өртей бастады. Екінші қабат өртенгендіктен, көтеріле алмадық. Бөлмелерден жас жігіттерді іздедік. Резиденцияға барар жолда екі жігітті таптық, алайда оларды соққыға жығып жатқан. Қорғап қалдық", – деді Мират Мұсабаев. 

Мұсабаев әскерилердің қайда екенін ешкім білмегенін айтады. 

"Сыртқа шығып, резиденцияның екінші жағынан келдік. Жертөлеге түсетін жолды таптық. Бірақ ол жерде де бұзақылар көліктерді өртеп жүрді. Жертөлеге кіріп, бірнеше жігітті алып шықтық, қатты қорқып қалған", – деп аяқтады Мират Мұсабаев.  

Талқылау