Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысындағы жаппай тәртіпсіздік: Пенжім елді мекені туралы не белгілі

27 қазан күні Алматы облысы Пенжім елді мекенінде оқушылардың төбелесі жаппай тәртіпсіздіктерде ұласты. Оқиға нәтижесінде 16 жастағы жасөспірім ауруханаға түскені айтылды. Полицияның дерегі бойынша, мектеп ауласында 30-ға жуық оқушы төбелескен. Осыған орай, Stan.kz тілшісі Пенжім елді мекені туралы барлық белгілі деректерді тізіп шықты.

пенжимФото Azattyg.org сайтынан

Пенжім

Пенжім ауылы Алматы облысы Панфилов ауданында, Жаркент қаласынан шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан. Ол - Пенжім ауылдық округі орталығы. Ауыл 2018 жылға дейін "Төменгі Пенжім" деп аталып келген. Елді мекен арқылы республикалық дәрежедегі Жаркент-Қорғас автомобиль магистралі өтеді. 

Жалпы Панфилов ауданының жері 10,6 мың шақырымды алып жатыр.
Қытаймен шекарадан 15 шақырымдай жерде орналасқан ауылда 12 мыңға жуық халық өмір сүреді. Тұрғындардың басым көпшілігі қазақ (7 мың) пен ұйғыр (5 мың) ұлтынан тұрады.

Елді мекен тарихы ашық дереккөздерде былай көрсетілген: ауыл 1950-1997 жылдары Калинин атындағы жүгері өсіретін ұжымшардың орталығы болған. Оның негізінде 1997 жылдан Пенжімде және округтегі Ават, Төменгі Пенжім, Қорғас ауылдарында ӨК, ЖШС және бірнеше шаруа қожалығы құрылған.

Пенжім атауы бұрыннан бар сөз, ол ұйғыр тілінен "бес ауыл" деген мағынаны береді. 

Тұрғындар шаруашылығы

Ұлы Жібек жолынының бойында орналасқан мекенде әлі де сауда-саттық жүйесі бұзылмаған. Аспан асты елінен әкелінген түрлі тауарды, Қазақстанның кез келген бөлігіне тасымалдау қолға алынған. Бұдан бөлек, ауылдың күн көріс көзі – жүгері мен бидай егу.

Ауыл әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, халықтың 22 пайызы яғни 1014 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. 611 адам шаруа қожалықтарында қызмет етсе, 48 адамның шағын және орта бизнестері бар.

Сонымен қатар 271 адам білім беру саласында сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінде 44 адам еңбек етеді. Жұмыссыздар саны 172 адамды құрайды.



Нұркент

Қазақ-қытай шекарасында бой көтерген жаңа қаланың құрылысы туралы ең алғаш 2019 жылда белгілі болды. 

Қазіргі таңға дейін Нұркент әлі өз алдына жеке қала немесе ауыл мәртебесін алған жоқ. Шекара аумағындағы елді мекенде қазір 3,5 мыңға жуық тұрғын бар. 
Нұркенттің бой көтергеніне 9 жылдан астам уақыт өтсе де ол әлі географиялық картада көрсетілмеген. Ал құжат бойынша "Пенжім ауылының шығысындағы аудан" деп жазылған.

"Әзірге ресми түрде Нұркент қалашығы ауылдың құрамына кірген жоқ. Тек құжаттарда солай көрсетілген. Алғашында бұл жер теміржолшыларға арналып салынған. Ал бұл жердің Пенжімге қашан қосылатыны әзірге белгісіз", - дейді Пенжім ауыл әкімдігінің баспасөз қызметкері Нұрбол Ханағат.

2019 жылы Пенжімді су басты

2019 жылдың тамыз айында Пенжім ауылын тау бөктеріндегі толассыз жауған жаңбырдың салдарынан су басып қалған. Таулы аймақта жауған нөсерлі жауын салдарынан бүйірлі ағынның қалыптасуы тіркелген. Елді мекеннің 270-тен астам үйі мен ауласы судың астында қалып қояды.

Төтенше жағдайдың себебіне ауданның сол уақыттағы баспасөз қызметі арық жүйесінің су көлемін еңсере алмағанын жатқызған. 

Халыққа табиғи апат жайлы алдын ала ескерту жасалғандықтан, оның салдарынан зардап шеккендер мен құрбан болғандар тіркелмеген.

Пенжімдегі жағдай

27 қазан күні Алматы облысы Пенжім ауылындағы мектеп ауласында жаппай төбелес орын алған. Полицияның мәліметінше, мектеп ауласына 30-ға жуық адам жиналып, жанжал шығарған.  

Әлеуметтік желілер қолданушылары арасында төбелес түсірілген суреттер мен видеолар тарап кеткен. Бейнежазбадан жасөспірімдердің тобын, қираған автокөліктер мен ғимараттың сынған терезесін аңғаруға болады.

Полиция департаменті мектеп ауласында жаппай төбелес болғанын растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оған 30-ға жуық адам қатысқан. Бір жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.

Дәрігерлердің айтуынша, 2005 жылы туған науқас 27 қазанда Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханаға түскен. Жасөспірім мидың ауыр жарақатын алған, оған екінші не үшінші дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылған. Есін біледі.



"Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі ("бір топ адам жасаған бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген полиция хабарламасында.

Ауылда қоғамдық тәртіп қамтамасыз етіліп, жағдай бақылауға алынған.

Пенжімдегі тәртіпсіздік ұлтаралық жанжалға жата ма?

Пенжімдегі болған тәртіпсіздікті ұлтаралық жанжалға жатқызуға бола ма деген сауалға әкімдік баспасөз қызметкері Нұрболат Ханағат жауап берді. Оның айтуынша, бұл ешқандай да ұлтаралық қақтығыс емес.

"Ұлтаралық қақтығыс емес, мектепте бір бірімен келіспей қалған екі оқушының төбелесінен шыққан түсініспеушілік. Қазір ауыл ақсақалдары мен зиялылары барлығы бірігіп осы мәселені шешу үстінде. Бүгін екі ұлттың қатысуымен ауылымыздың мәдениет үйінде жиналыс болды. Бұл мәселе шешіледі", - деді ол.

Талқылау