Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысындағы мектептердің бірінде бес бала бояу иісінен уланып қалған

Алматы облысында мектепте бес оқушы бояу иісінен уланды. Олардың сабақ кезінде жағдайы нашарлап, нәтижесінде ауруханаға жеткізілді. Ата-аналардың айтуынша, мұның барлығы директордың оқу жылының ортасында жөндеу жұмыстарын жүргізуінің кесірі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almаty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Ата-аналарға мектепте бояу жұмыстары жүргізілгені туралы ешкім ескертпеген. Олар бұл мәселеніі балаларының денсаулығы сыр бере бастағанда бір-ақ біліпті. Бояу иісінің күшті болғаны сонша, иіс мектептің спорт залында да сезілген.

Жаңадан тағайындалған директор өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарын тезірек жүргізгісі келіпті, себебі салқын ауа райында кеңсені тез желдетуге болады.

"Бірінші сынып оқушылары оқитын кабинет өте лас еді. Балалардың жайлы, таза кабинетте отырғанын қаладым. Олар кабинетті жұма күні бояп, балаларды кеше ғана кіргіздік. Демеушілер есебінен боялған. Ал менің кемшілігім – бұл туралы ата-аналарға ескертпегенім", – деді Жалқамыс ауылындағы №15 орта мектептің директоры Гүлназ Әлиғожаева.



Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жергілікті емханаға жүрек айну, бас ауруы, бас айналу шағымдарымен 5 оқушы келген.

"Медициналық тексеруден өткен үш оқушы үйлеріне жіберілді. Ал екеуінің жағдайы нашарлағандықтан Талғар аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілді. 2010 жылы туған бала облыстық балалар клиникалық ауруханасында қосымша тексеруден өтіп, тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емдеуге жіберілді", – делінген хабарламада.

Ал аудандық білім бөлімі қызметтік тексеріс жүргізіп үлгерді. Олардың айтуынша, директорға қатысты қажетті шара қолданылады.

"Қазір қызметтік тексеру жүргізіп жатырмыз. Қаражаттың қайдан алынғанын да анықтаймыз. Олар директордан түсіндірме хат алып, мұғалімдермен жиналыс өткізіп, видеоны түсірген авторды шақырған. Осының барлығын білім бөлімінің басшысына жеткізіп, Еңбек кодексіне сәйкес қажетті шараларды қабылдаймыз", – деді Талғар аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрлан Үкібасов.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада сегізінші сынып оқушысы терезеден секіріп кеткені туралы айтқан едік. 

Талқылау