Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысындағы ауруханада дәрігерлер жалақысын, зейнетақы мен сақтандыру төлемдерін ала алмай жүр

Редакциямызға Алматы облысына қарасты "Райымбек аудандық ауруханасы" КМК жұмысындағы олқылықтар жайлы айтып, дәрігерлер шағымданып хабарласқан еді. Сөздерінше, жарты жылдан бері тұрақты түрде жалақысын ала алмай жүр, ал зейнетақы мен медициналық сақтандыру төлемдері мүлде аударылмай келеді. Салдарынан, медициналық мекемелерге тексерілуден қалған. 

Аты-жөнін атамауды сұраған медицина қызметкері мамыр, шілде айының жалақысы берілмегенін, сондай-ақ, медициналық сақтандыру, зейнетақы аударымдары мүлде аударылмайтынын айтып отыр. Сөзінше, осының салдарынан денсаулығын қадағалау, ем шараларын алу қиындаған.

“Бір күнде басшылық ауысты. Өткен бірнеше айда жалақының 30%-ын ғана төледі. Шыдай тұрыңдар, түсіністікпен қараңдар дейді. Еңбек демалысының да ақшасы төленіп жүрген жоқ. Сыйақы да берілмейді. Артымызға түсіп алады деп дәрігерлер шағымдануға қорқады. Медициналық сақтандыру төленбеген соң анализ тапсыра алмай жүрмін. Ал мен үшін дәрігерлерге жиі қаралып тұру маңызды. Ай сайын ақша жинататыны тағы бар. Оның да есебі жоқ”, – дейді шағымданушы медицина қызметкері.

Соңғы бірнеше айда басшылық ауысқанымен ешқандай жағымды өзгерістер болмаған екен. Дәрігерлер жемқорлық фактісі бар екенін айтуда.

Ал Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы мәселеге қатысты жолдаған сауалымызға былай деп жауап берді. 

“ШЖҚ "Райымбек аудандық ауруханасы" КМК-на тексеру жүргізіп, тексеріс бойынша басшылыққа ақша жинау фактісі тіркелмеген.

“Қызметкерлер 2023 жылғы маусым айын қоса алғанда еңбекақысын толығымен алған. 2023 жылдың мамыр, маусым айларының еңбекақылары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес айдың бірінші он күндігінен кешіктірілмей айына бір реттен сиретпей төленуде. Жұмысшылардың зейнетақы аударымы 2,7% және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымы 24,6% ғана аударылған. Қалған сомасы жақын арада аударылады”, – деп жауап берді ведомствода.

Міндетті төлемдердің қашан аударылатыны нақты белгісіз.

Сондай-ақ, басқарма аурухана басшысының ауысқанын растады. Аурухананың бұрынғы басшысы Әкімбаев Нұрлан Жантасұлы өз еркімен жұмыстан кеткенін айтып отыр.

“ШЖҚ "Райымбек аудандық ауруханасы" КМК-нің директоры ауысқаны рас, бұрынғы директор Қазақстан Республикасы еңбек кодексінің 49 бабының 5-тармақшасына сәйкес, жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартының бұзылуына байланысты босатылды. 02.06.2023 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30 бабының 1 тармағының 1-тармақшасына сәйкес аурухана басшысының міндетін атқарушы ретінде Куккузов Р.Е жұмысқа қабылданды.

Қазір аталған медициналық мекемеде тексеріс жүріп жатыр. Алайда қызметкерлердің сөздерінше, өзгеріс жоқ. Тиісті шаралар қабылданбаған жағдайда медицина қызметкерлері президентке жолдау жасайтынын айтады.

Талқылау