Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында 433 млн теңгеге салынған мектеп қирап қалған

Алматы облысының Қаратал ауылында 433 миллион теңгеге салынған жаңа мектеп құлайын деп тұр. 2014 жылы қолданысқа берілген ғимараттың 4 жыл өтпей жатып іргесі сөгіле бастаған. Спорт залдың едені ортасына түсіп, қабырғалар да қақыраған күйі қауіп төндіріп тұр. Оның үстіне құрылысты қабылдап алу кезінде жер сілкінісіне жарамдылығы жіті тексерілмепті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

мектеп

"Спортзалдың мәселесі 2018 жылдың сәуір айында басталды. Төбесі түсіп, асты суланып, шіріп жатқаны анықталды. 2020 жылдың желтоқсан айында шағын орталық бөлмелерінің едені бұзыла бастады. 2021 жылдың қаңтар айында ол жарықтар тез арада ашылып, едені төмен түсіп кетті. Оқушылар 2020 жылдың сәуір айынан бастап онлайн форматка көшірілді. 2021 жылдың 16 ақпан айында оқуды негізі ғимаратта бастадық", - деді Қаратал орта мектебінің директоры Ғалия мақыпбекова.

Мектептегі асхана, 100 балаға арналған бастауыш сыныптың кабинеттері, спортзал мен шағын орталықтың ойраны шыққан. Іргетасы шөгіп, қабырғалары қақырап, есік-терезелері қисайған.

Бір қызығы, мектепті қабылдап алған жауаптылар сол уақытта  құрылыс жұмыстарынан мін таппаған. Ал мердігер ұйым кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен қандай да бір жауапкершілік алудан бас тартып, кінәні жоба авторына жаба салған. Жобалаушы болса, мемлекеттік сараптамаға сілтеп отыр. 

"Бірнеше мәрте аудандық құрылыс бөлімі барып, көзбен шолу актісін жасап, 2018 жылы күзде білім бөліміне хат жазған болатын. 2019 жылы қаңтар айында  білім бөлімі білім басқармасына бюджеттік өтінім жолдады. Бірақ, ешқандай ақша бөлінбеді оған. сараптама жасалған жоқ болатын. Көзбен шолу актісі ғана жасалған. 2019 жылы прокуратураның қаулысымен аудандық қылмыстық іс қозғалды", - дейді Ескелді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әділет Айтақов.

Ауылдағы дәрігерлік амбулатория да мектеппен қоса сол 2014 жылы қолданысқа берілген екен. Бұл ғимараттың қабырғалары да шамалы жер сілкінісін көтермей, құлай бастаған.

"Мына 14 жылы осы ғимаратқа кірдік. 14 -тен 18 жылға дейін осы ғимаратта ауруларды қабылдадық. 50 кісі қабылдауға арналған ғимарат болатын. 18 жылы апатты деп есептеліп ескі ғимаратқа көшіп бардық", - дейді Қаратал ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Бағдат Құттыбаева.

Қазіргі таңда тексеріс ұйымдастырылған, мектепке сараптама жасалмақ. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жақында ғана толыққанды жөндеу жұмысынан өткен мектептің суық екенін айтып ата-аналар шағымданған болатын. 

Талқылау