Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлия Назарбаева және "РОП операторымен" байланысты зауыт 1,5 миллиард теңгеге сатылды

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға және "РОП операторына" байланысты зауыт 1,5 миллиард теңгеге сатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазТАГ порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: avtospravochnaya.com

“2021 жылдың 17 қаңтарынан бастап бағаны көтеру бойынша аукцион болды. Бастапқы бағасы – 1 533 241 595 теңге, кепілдік – 110 760 000 теңге. Келесі аукцион биыл 2 мамырда болды, сағат 11:00-де сауда-саттыққа қойылып, 1 533 241 595 теңгеге сатылды”, – делінген мемлекеттік мүлік тізілімінің электронды сауда алаңындағы хабарламада.

Бағалау есебінде иесі "Recycling Company" ЖШС ретінде көрсетілген нысан Қарағанды облысында орналасқан.

Айта кетейік, зауыт ROP Operator қызметі аясында автоқалдықтарды өңдеуге тиіс еді. Бір қызығы, сараптама нысанды зауыт сатылған сомадан үш есе дерлік жоғары бағалаған.

“Есепте ұсынылған деректер негізінде, біз мүліктік кешеннің ғимараттары мен құрылыстарының, жылжымалы мүліктің, инвентарлық заттардың нарықтағы бағасы 4 146 245 573 теңге болды деген қорытындыға келдік”, – делінген бағалау есебінде.



Еске салайық, бұған дейін Әлия Назарбаева рейдерлік шабуыл жасады деп айыпталған қылмыстық іс Алматының экономикалық тергеу департаментіне берілгенін жаздық. Сол арқылы прокуратура "елбасының" кіші қызына қарсы сотқа дейінгі тергеу жүргізуден бас тарту туралы” полицияның шешімін жойды. 

Талқылау